Мал азығын өрт жалмап жатыр

Шығыс Қазақстанда бір айда жиналған шөптің 150 тоннасы өрнетініп кеткен.

Осылайша шаруалардың қысқа қамдаған мал азығы жарамсыз болып қалды. Бұл туралы төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері айтты. Құтқарушылардың мәліметінше шөпті қораға немесе алқапқа маялап үйген кезде өрт қауіпсіздік талаптары мүлдем сақталмайды. Салдарынан еңбек еш кететін жағдайлар көбейді. Сондықтан мамандар арнайы рейд шараларын өткізіп, шаруа қожалықтарын аралауға көшті.

Қазір күзгі жиын-теріннің қызған шағы. Егістік алқаптарында қарбалас. Жер емген диқандар мен шаруалар үшін әр сағат санаулы. Ержан Раздықов тілсіз жаудың қаупін жақсы біледі. Сондықтан қажетті талаптарды қалт жіберіп алдым ба деп алаңдаулы. Арнайы рейдпен келген өрт сөндірушілер маялар арасындағы қашықтықты мұқият өлшеп, әрбір ұсақ түйекке көңіл бөлу керегін ескертті.

Шаруалар «өрт тиген шөмеле түкке жарамайды», - дейді. Әрең жинап алған шөпті дұрыс сақтап, малын қыстан күйлі шығару олар үшін де маңызды.

Ержан Раздықов, шаруа қожалығының жұмысшысы:
- Ол үлкен еңбекпен келген өзі. Биыл шөп те нашар, барлық жерде шөп жоқ. Өртенгеннен кейін оны мал да жемейді. Босқа шығын болып қалады оның бәрі де.

Қожалықтағы мал басы 300-ден асады, оған 800 тоннадан астам шөп керек. Жауын шашын салдарынан көзделген меже әлі орындалар емес. Құтқарушылар болса осы еңбек еш кетпес үшін фермерлермен жүздесіп, бекітілген тәртіпті тәптіштеп түсіндіруде.

Жадыра Аманғалиқызы, ТЖД аға маманы:
- Басты себеп шөптің өртенуінің - ең қарапайым қауіпісзідік ережелерін сақтамау. Бұл дегеніміз жолдардан 15-20 метр алыс болу керек, электр тарату бағандарынан 15-20 метр алыс болу керек. Және қандай да бір құрылыстардан елу метр арақашықтық болу керек.

Маяны өрт шалды дегенше қорам бос қалды дей бер. Жалын көк майсаны лезде жоқ қылады. Оқыс оқиға кезінде көбінесе қожалықтағы мамандар ары-бері жүгіріп, өз күштерімен сөндірмек болып уақыт жоғалтады.

Әсет Сейілқұмаров, Самар аудандық өрт сөндіру бөлімінің бастығы:
- Осы салада 23 жыл жұмыс істеп жүргенде екі-ақ рет шөпті аман алып қалдық. Неге дейсіз, өйткені адамдар бірінші паника оларда. Жүгіреді, 10-15 минут хабарласпайды өртке қарсы қызметке, алтын уақыттарын жоғалтады. Одан кейін ғана хабарласып, біздікілер келгенде шөптің бәрі жанып кетеді.

Құтқарушыларды бірден шақыртуға тағы бір кедергі - ұялы байланыстың нашарлығы. Шаруалар лезде хабар бере алмай тығырыққа тіреледі. «Ал жалын күтіп тұрмайды», - дейді мамандар. Демек өрттің алдын алудан басқа амал жоқ. Әзірге төтенше жағдайлар қызметі осы мақсатта 600 рейд ұйымдастырған.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов