Биыл пияздың өнімділігі 30 пайызға төмендеді

Биыл Жамбыл облысында пияздың өнімділігі былтырға қарағанда 30 пайызға төмен.

«Бұл ауа райының қолайсыздығы мен суармалы судың аздығына байлынысты», - дейді жауаптылар. Тамыз айының басында Қырғыз елі тарапы су беруді тоқтатқан болатын. Сондықтан диқандар пиязды биыл бір ай бұрын жинап жатыр.

Жамбыл облысындағы пияз алқаптарының жартысы Шу ауданында орналасқан. Мұндағы 13 600 гектарға егілген пияздың барлығы тамшылатып суару әдісімен суарылады. Су үнемдеу технологиясын қолданса да, диқандар биыл тірлішілік нәрінен таршылық көрді. Солардың бірі - Али Джафаров. Шаруа 6 жылдан бері пияз егеді. Әр гектардан 80 тоннаға дейін өнім алатын диқан, биыл мол өнімнен үмітін үзіп отыр. Су тапшылығынан өнімі мардымсыз болып, жинауды ерте бастаған.

Али Джафаров, шаруа:
- Бұған дейін әр гектардан 80-90 тоннаға дейін өнім алатынбыз. Биыл 20 тоннаға жете ме жоқ па білмеймін. Негізі пияздан жақсы өнім алу үшін 45 рет суару қажет. Ал біз 37-38 рет суарып үлгердік. Негізі соңғы салмақ алатын кезінде су аса қажет. Бірақ биыл болмады. Сондықтан бар пиязды жинап жатырмыз.

Пияз еккен диқандар биыл дақылдарының майда болғанын айтады. Бұл – суармалы судың аз болғандығының салдары. Сондықтан жиын-терімге кіріскен шаруалар сатылымға жарамды мынадай ірі пияздарды ғана жинап жатыр. Ал қалған өнімнің 50 пайызы, мынадай майда пияздар егістік басында шығын болып қала бермек.

Шаруалар әр гектарға орташа есеппен 3,5 миллион теңге жұмсағандарын айтады. Олардың ендігі уайымы сол шыққан шығынды өтеу. Жалпы Жамбыл облысында 25 мың гектарға пияз егілді. Бүгінде оның 7 мың гектары жиналған. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, орташа өнімділік 280 центнерді құрап отыр. Бұл былтырға қарағанда 30 процентке аз.

Шәкір Момынқұлов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:
- Пияз дақылына қолданған минералды тыңайтқыштарға 50 пайыз көлемінде субсидияланады. Сонымен қатар мына пияз дақылына көптеген пестицидтермен арамшөптерге қарсы күрес жүргізіледі. Сол алқаптарға қолданылған препараттар 50 пайызға дейін субсидияланады.

Аймақта пиязды жинау қазан айының ортасына дейін жалғасады. Болжам бойынша 800 мың тонна өнім алу жоспарда бар. Ал су тапшылығын жою үшін жауаптылар 3 жылда 700-ге жуық ұңғыма қазбақ.

Авторлары: Мерей Бает, Тимур Сейілхан