Су жүйесін жөндеу жұмыстары созылып кетті
Шығыс Қазақстан облысында халықты сапалы ауызсумен қамту бойынша 34 жоба жүзеге асырылады.
Ол үшін қазынадан 10 млрд теңге бөлінеді. Алайда Белоусовка кентінде ауызсу жүйесін жөндеу жұмыстары созылып кетті. Осыдан 3 жыл бұрын 2 млрд теңгеге салынған орталықтандырылған жүйе істен шыққан. Мәселе қашан шешімін табады?
Коммуналдық жүйе істен шыққандықтан, тұрғындар бұлақтың суын ішуге мәжбүр. Оның өзі ауылдан қашықта.
Тілеуберді Мұхамеджанов, Белоусовка кентінің тұрғыны:
- Бір күн болса, бір жұма жоқ. Кейде түнде береді. Болған кезде болды. Біз тосып отырамыз суды қашан береді деп. Былтырлары жақсы болған. Ал биыл су жоқ.
2018 жылы кентте орталықтандырылған су жүйесі іске қосылды. Ал биыл инфрақұрылымның жұмысын жақсарту үшін қосымша сорғылар орнатылады. Қажетті құрал-жабдықтарды сатып алуға 99 млн теңге бөлінген. Дегенмен, халық әлі игілігін көре алмай отыр.
Жергілікті шенеуніктер коммуналдық жүйе құрылысындағы олқылықтарға жол берілгенін мойындайды. Оларды жою үшін тағы қосымша қаржы керек.
Татьяна Селезнёва, Белоусовка кентінің әкімі:
- Биыл бюджеттен қосымша қаржы бөлінді. Қазіргі уақытта екі қосымша ұңғыма сатып алынып, екі сорғы сатып алынды. Сонымен қатар, орталық сорғы мен станция орнатылды.
Көршілес Шемонаиха ауданында да осындай жағдай. Барашки және Первомайское ауылдарындағы су жүйесінің сорғылары апатты жағдайда. Салдарынан жергілікті халық тіршілік нәрін Ертістен алады.
Құқыққорғаушы Әділ Пшеновтің айтуынша, жүйе құрылысына қатысты ақпарат халыққа қолжетімсіз. Мемлекттік сатып алулар сайтында бұл нысандар туралы мәлімет толық емес.
Әділ Пішенов, заңгер:
- Қатон-Қарағай және Үлкен Нарын ауылдарына 2,5 млрд теңге бөлінді. Алайда мемлекеттік сатып алулар сайтында нақты ақпарат жоқ. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, су құбырын салуда бұзушылықтар бар. Оған қоса техникалық бақылау қарастырылмаған.
Мамандардың айтуынша, Белоусовка ауылының су жүйелерін жөндеуге кем дегенде екі ай қажет. Кейін орталық станция қайта іске қосылып, халықты сумен қамту көзделген. Айта кетейік, 2025 жылға дейін Шығыс Қазақстан облысында халықты сапалы ауызсумен қамту бойынша 34 жоба жүзеге асырылады. Мемлекет бюджетінен 10 млрд теңге бөлінбек.
Авторлары: Ақмарал Есімханова, Вячеслав Ветлугин, Дмитрий Пыхтин, Жігер Бабаканов