Тасшағыл ауылында мәдениет үй пайдалануға берілді
Атырау облысы Тасшағыл ауылында мәдениет үй пайдалануға берілді.
Бұл кейінгі 35 жылда шалғай ауылдарда бой көтерген алғашқы мәдениет ошағы. Өнер ордасының ашылу салтанатына жиналғандардың қуанышында шек жоқ. Мәдени нысан заманауи үлгіде салынған. Өнер адамдарына қажетті жағдай қарастырылған. Алдағы 2 жылда Қызылқоға ауданында осындай 5 мәдениет үйін салу жоспарланып отыр.
Бұл - Тасшағыл ауылы тұрғындарының көптен күткен қуанышы еді. 2020 жылы басталған мәдениет үйінің құрылысы қайта-қайта кідіріске ұшырап, енді ғана пайдалануға беріліп отыр. «Ауыл болашағы жастарда десек, олардың тұрақтануы үшін жағдай жасаған дұрыс», - дейді «Алтын алқалы» ана Роза Баймұқашева
Жаңа мәдениет үйінің ашылу құрметіне ауданның барлық өнерпаздары жиылып, кешенді бағдарлама дайындапты. «Ел іші - өнер кеніші» деген сахнаға шыққан дәстрүлі ән орындаушылар мен бишілерге өнерді сағынған көпшілік құлшына қол соқты. Осылайша ауыл жастары үшін өнердің жаңа көкжиегі ашылды.
Шәрбану Саламатқызы, мәдениет үйінің әдіскері:
- Би үйірмелері, суретшілер үйірмесі, жалпы мектеп оқушыларының «үкілі домбыра» үйірмелері. Осылардың барлығын жаңа ашылып жатқан нысанға тартып, жанрларын көбейтіп, өз шарамызға да, мектеп шарасына да біз көмектесіп отырамыз деген сенімдемін.
Кезекте әлі 6 ауыл тұр. Көршілес Қарабау ауылының өнерпаздары әлі күнге ескі балабақша ғимаратын паналап отырғандықтарын айтады. Бүгінде аудан бойынша 3 мәдениет үйінің құрылысы жүріп жатыр. Тағы бесеуінің құжаттары дайын. «Демек, қарабаулықтардың да қуанатын күні қашық емес», - дейді аудан басшылары.
Жарас Есенғалиев, Қызылқоға ауданы әкімінің орынбасары:
- Қарабау ауылындағы мәдениет үйінің құрылысы басталады деп жоспарлап отырмыз. Алға қарай, 2024-2025 жылдарға Мұқыр, Миялы, Жангелдин ауылдарында мәдениет үйлерін салу жоспарда бар.
Жаңа үлгідегі мәдениет үйлері музыкалық аспаптармен толықтай жабдықталған. Болашақта ауыл жастарын өнерге баулитын тәжірибелі мамандар шақыру жоспарланып отыр. Сондай-ақ, өнер ұжымдары автобустармен қамтылатын болады.
Авторлары: Арыстанбек Кенже, Темірлан Сұлтанғазиев, Жандос Рахметуллин