Қазақстанда қауіпсіз еңбек тұжырымдамасы қабылданады
Үкімет биылдан қалмай «2030 жылға дейінгі қауіпсіз еңбек тұжырымдамасын» қабылдауы тиіс, деп хабарлайды «Хабар 24».
Ол жұмыс орындарындағы оқыс оқиғалардың алдын алуға бағытталады. Мемлекет басшысы Жолдауда осындай тапсырма жүктеді. Бұл әсіресе өндірістік аймақ Қарағанды үшін маңызды. Өйткені облыста жыл басынан бері 90-ға жуық жазатайым жағдай болып, 17 адам көз жұмды. Тағы 100-ден астамы жарақат алған. Бұдан былай зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін адамдарға қандай әлеуметтік қолдау көрсетіледі?
Төлеутай Жакулин ұзақ жылдар бойы кен орындарында еңбек етті. Жеті қат жер астындағы қара жұмыстың қиындығын бір адамдай біледі. Сондықтан қауіпсіз еңбек тұжырымдамасынан үміт күтеді. Себебі кен орындарында істейтін таныстары мен жақындары жетерлік.
Төлеутай Жакулин, ардагер кенші:
- 50 жылда бірнеше жарақат алдық, бірнеше жағдайлар болды. Шахтердің жұмысы – бұл ең ауыр жұмыс. 1994 жылға дейін шахтада істедік, денсаулық нашар, оның барлығы осы жағдайдан, ешқандай жағдай жоқ қазір.
Қарағанды – индустриалды аймақ. Ірі кәсіпорындарда тұрақты өлім-жітім жиі болады. Мысалы, соңғы 2 жылда 37 жет адам жұмыс орнында опат болған. Жарақат алғандар бірнеше есе көп. Әр жағдайды жіті тексеретін мамандар жазатайым оқиғалардың басты себептері мынада дейді.
Ирина Любарская, еңбек инспекциясы басқармасының басшысы:
- Қайғылы жағдайларды сараптай келе, біз жұмыс берушілер тарапынан ұйымдастыру жұмыстарының әлсіздігін, сандық жүйеге көшу ісінің кешеуілдеп жатқанын аңғарып отырмыз. Кәсіпорындар жұмысшыларды оқытуға, модернизациялық тұрғыда жаңаруға асықпайды. Қазір облыстағы 8 кен орнының тек екеуінде жерасты бақылау камералары бар. Ол – Күзембаев және Қазақстан шахталары.
Кен орындарында апаттың жиілеп кеткені рас. Сондықтан мамандар үкіметтік деңгейде «еңбек нормасын» енгізу керек деп есептейді. Яғни, Еңбек кодексінен жұмыс берушінің жұмыс кестесі мен көлемін өзі реттеу тетігін жою керек.
Андрей Лукин, «Қорғау» көмір өндірушілер кәсіподағының техникалық инспекторы:
- Қазір кез келген жұмыс беруші нормативті өзі өзгерте береді. Себебі осы мәселеге келгенде мемлекет тарапынан реттеу қарастырылмаған. Салдарынан белгілі бір көлемді орындау үшін аз адам үлкен жұмыстарға жегіледі. Регламенттегі барлық талап жұмыс берушінің бұйрығымен-ақ сырылып тасталады. Салдары бәрімізге аян. Сондықтан еңбек тұжырымдамасы осындай маңызды мәселеден басталуы керек деп есептеймін.
Еңбек инспекторларының сөзінше, жазатайым оқиғаларда жарақат алғандар мен жазым болғандардың 60%-і – 55 жастан асқандар. Өз кезегінде Президент палаталардың біріккен отырысында мұндай қызметкерлерге зейнеткерлік жасқа толғанға дейін, атап айтқанда, 55 жастан бастап арнайы әлеуметтік төлем төленетінін айтқан. Ал Парламентке Үкіметтің ұсынысын жедел қарауды тапсырды.
Авторлары: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков, Зарина Зұлпыхар.