Түркістан облысында қайтарымсыз грантқа ₸2 млрд бөлінді
Биыл Түркістан облысында кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаға сәйкес 1 мың 688 адамға қайтарымсыз грант беріледі.
Ол үшін облыстық бюджеттен 2 миллиард теңге бөлінген. Мамандар өз кәсібін ашуға ниеттілердің көбі көпбалалы, аз қамтылған отбасылар және жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтар екенін айтады. Солардың бірі – Кентау қаласының тұрғыны Гүлдана Ертаева. Көпбалалы ана қазір тігін цехын ашып, кәсібін дөңгелетіп отыр.
Гүлдана Ертаева - көпбалалы әрі жалғызбасты ана. Бұл кәсіппен айналысқанына 8 жылдың жүзі болыпты. Жеті жылдай басқа кісінің қоластында жұмыс істеген. Әбден тәжірибе жинаған соң биыл өз кәсібін ашуды жоспарлаған. Сәуір айында бизнес жобасын ұсынып, 1 млн 380 мың теңге көлемінде қайтарымсыз грантқа ие болды. Оған шағын тігін цехын ашып, 3 тігін мәшинесін сатып алған. Қазір екі адамды жұмыспен қамтып отыр.
Гүлдана Ертаева, көпбалалы ана:
- Қыздардың жасауы ғой көбіне тігетініміз. Көрпесі бар, көрпешесі бар. Кішкентай балаларға да бесіктің ішін-сыртын, барлығын. Ою салып, есімдерін жазып, неше түрлі етіп тігеміз. Сұраныс жақсы. Кейде тапсырыс берушінің «маған мынандай етіп, істеп беріңізші» деп келген кезде айтқанын орындап, жасап береміз. Болашақта 2-3 адам емес, одан да көп адамды жұмысқа алып, үлкен цех ашсам деген ниетім бар.
Былтыр Кентау қаласында 200-ге жуық адам өтінім беріп, оның 183-і грант алған. Алайда 3 тұрғын кәсіп ашпай, қаржысын мақсатсыз жұмсап жіберген. Ол сот арқылы өндірілген. Биыл 90 адамға грант беру жоспарланған.
Дамира Асқынбай, еңбек мобильдігі орталығы кентау қалалық филиалының баспасөз хатшысы:
- Жұмыспен қамту орталығы Еңбек мобильді орталығына ауысуына байланысты 3-4-ші лектің комиссия отырысы осы қыркүйек айында өтуі жоспарлануда. Ол кезде 46 адам грант иегері атануы керек.
Биыл 7 айда облыс бойынша «Бизнестің жол картасы-2025» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламалары арқылы 230 жобаға 3,8 млрд теңге несие берілді. Ал жеңілдетілген шағын несиемен 594 адам қамтылды.
Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш