Алматы облысында 9 жаңа мектеп ашылды
Алматы облысында жаңадан салынған 9 мектеп оқушыларға есігін айқара ашты.
Осылайша облыстағы үш ауысымды мектеп мәселесі бірте бірте шешіліп келеді. Жаңа мектептер халқы тығыз орналасқан аудандарда және Қонаев қаласында бой көтерді.
Алматымен іргелес жатқан Іле ауданында халық тығыз орналасқан. Демографиялық өсім жоғары, бала саны жыл санап артып келеді. Жаңа оқу жылында аудан бойынша 7 мың бала алғаш рет мектеп табалдырғын аттады. Ал Боралдай кентінің оқушылары сабақты жаңа мектепте бастады. 1 500 орындық білім мекемесінің салынып бітуі ауылда үш ауысымды білім беру мәселесін шешті. Жаңа мектеп замануи оқу-құралдармен толық жабдықталды. Дәл осындай ғимараттар Көкқайнар және Нұрғиса Тілендиев ауылдарында бой көтерді. Ең бастысы сабақты сағынып қалған оқушылар қуанышты.
Әмірхан Құрманхан, оқушы:
- Адамдарға өте ыңғайлы бұл. Бізге де өте қатты ұнады.Осы мектеп ішіндегі спортзал өте үлкен. Бізге ол да ұнады.
Қонаев қаласында да 900 орындық мектеп-лицейдің құрылысы уақытылы аяқталды. Оныншы ықшамауданда орналасқан мектепте 30 оқу кабинеті бар. Биыл қала оқушыларын қажетті құралдарымен қамтамасыз етуге бюджетен 134 млн теңге бөлінген. Жалпы жаңа білім мекемелері Еңбешіқазақ, Қарасай және Жамбыл аудандарында пайдалануға берілді.
Салтанат Беспаева, облыстық білім басқармасының басшысы:
- 340 мың баламен біз биыл оқу жылын бастадық. Соның ішінде 1 ші сыныпқа келген 38 мың баланың 82% нақты түрде қазақ сыныптарын таңдады. Бұл өте қуантарлық дүние. Яғни, ата-аналар, балалары қазақ сыныптарға барғысы келеді.
Қонаев Алматы облысының орталығы атанған бір жыл ішінде 1-ші сыныпқа баратын оқушы саны 2 мыңға балаға ұлғайды. Алдағы екі жылда қалада мың орындық және екі мектеп салынады.
Авторлары: Алмас Садуақас, Аят Дүйсембаев, Аманжол Жөнкешов