Конституциялық сотқа азаматтардан 4 мың өтініш түсті
Еліміздің Конституциялық соты Еуропалық Одақпен тәжірибе алмасады, деп хабарлайды «Хабар 24».
Жыл басында жұмысын бастаған жаңа орган адам құқықтарын қорғау мен демократия принциптерін сақтауда озық практикаларды игеруге қамданып жатыр. Елордада Еуропалық Одақ пен қазақстандық заң қоғамдастығының өкілдері пікір алмасқан жиында Конституциялық сот төрағасы Эльвира Әзімова Орталық Азия елдерінде құқық үстемдігі принциптері нығая түскенін айтты. Қоғам Конституциялық соттың қызметінен үлкен үміт күтіп отыр. Келіп түсіп жатқан өтініштер азаматтардың өз конституциялық құқықтарын қорғауға сенімін әрі осы тұрғыдағы кепілдік артқанын білдіреді. Ал Конституциялық сот жұмысының тиімділігі судьялардың қаншалықты тәуелсіз жұмыс істеуіне байланысты, - дейді Қазақстандағы Еуроодақ елшісі.
Кестутис Янкаускас, Еуропалық Одақтың Қазақстандағы Елшісі:
- Еуропалық Одақ пен Еуропалық кеңестің бірлескен бағдарламасы аясында өтіп отырған осы семинарға қатысқаныма қуаныштымын. Тақырып: Орталық Азиядағы құқық үстемдігі. Мақсат – құқық саласындағы сарапшылар арасында тәжірибе алмасу. Бүгінде Қазақстанның Конституциялық соты Еуропаның озық тәжірибелеріне қызығушылық танытып отыр.
Салтанат Нұрымбетова, Конституциялық сот аппаратының бөлім меңгерушісі:
- Өтініштердің басым бөлігі азаматтардың соттардың шешімімен келіспеу, еңбек қатынастары, тұрғын үй мәселелері, азаматтардың банкрот болып табылуы, сот шешімдерінің орындалуы, жазалардың атқарылуы сияқты тағы басқа мәселелерді қамтиды. Өткен жылғы реформа бүкілхалықтық реформа арқылы мемлекеттік билік органдарының жұмыс істеуіне, мемлекеттік басқауға адам құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, сондай-ақ демократияландыру процестерін күшейтуге жаңа тәсілдерді бекітіп берді.
Конституциялық сот құрылған 8 айда азаматтардан 4 мыңнан астам өтініш түсті. Олардың 157-сі алдын ала қараудан кейін Конституциялық сотқа жіберілген. Бүгінге дейін қаралған өтініштер бойынша 21 нормативтік қаулы шығарылса, 5 жағдайда заң нормалары Конституцияға сәйкес емес деген ұйғарым шығарылған. Конституциялық сот өкілдері сондай-ақ 3750 өтініш талапқа сай болмағандықтан, кері қайтарылғанын және Конституциялық соттың құзіретіне кірмеуі себепті тағы 104 өтініш бойынша іс жүргізуден бас тартылғанын атап өтті.