Елордада Алаш арыстарын еске алу шарасы өтті
Бүгін – Қазақстан халқының тілдері және ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының дүниеге келген күні.
Осыған байланысты елордада Алаш арыстарының ескерткішіне гүл шоқтары қойылды. Қаламгерлер аллеясында болған іс-шараға зиялы қауым өкілдері мен жас ақын-жазушылар қатысып, Алаш ардақтыларының рухына тағзым етті. Алаштанушылар тарихтан сыр шертіп, жастар Ахмет Байтұрсынұлына арнау өлеңдерін оқыды. Шара концерттік бағдарламаға жалғасып, «Алаш жолы» спектаклінен бірнеше үзінді қойылды.
Сәкен Есіркеп, қалалық Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы:
- Қаламызда 500-ге жуық автобусқа осы А. Байтұрсынұлы бастаған ұлт қайраткерлерінің суретін іліп жатырмыз. Әр автобусқа 4 фотодан іліп жатырмыз. Қала көлемінде азаматтар соны көреді, қанатты сөздерін оқиды. Сонымен қатар аудиоформатта әрбір көше жайлы ақпарат жіберіп жатырмыз. Мысалы, Абай даңғылына келген кезде Абай туралы ақпарат оқылады.