Шу қаласының тұрғыны африкалық түйеқұс өсіріп отыр
Өзге құрлықтың құстары оңтүстік өңірді жерсініп, бір рет қыстап шыққан, деп хабарлайды «Хабар 24».
Түйеқұстың сырына қанығып, бабын тапқан шаруа енді олардың санын көбейтуге көшкен.
Баһадүр Масаитов бала кезден үй құстарын асырауға қызығады. Ауласында тауықтан бастап қаз-үйрек пен күркетауыққа дейін болған. Кейін түйеқұсқа қызығушылығы артқанын айтады. Сөйтіп, Африкадан Алматыға әкелінген 4 бас түйеқұсты 5 млн теңгеге сатып алған. Әрқайсысының салмағы – 80 келі, бойы 2 метрден асады.
Баһадүр Масаитов, шаруа:
- Тұмсығынан бастап кірпігі бар, көзі бар, мойнында көрдіңіз ба, жүні бар кішкене, 70-100 грамм шығады. Сосын қанаты бар, терісі, еті, сүйегі бар, жұмыртқасы бар. Тырнаққа дейін пайдаланатын нәрсе ғой. Жартысы етке кетсе, жартысы косметикаға кетеді, жартысы жаңағы кәдесыйға кетеді.
Шаруа страус етінің дәмі жылқы соғымымен бірдей екенін айтады. Әрі қант диабетіне шалдыққан науқастарға пайдасы мол екен. Етінің бір келісі нарықта – 15 мың теңге. Оған қоса тырнақтары тон тігу мен түйме жасауда пайдаланылады. Ал кірпігінен қылқалам жасауға болады. Тұрғын ерекше кәсіпті кеңейту үшін мемлекеттен қолдау сұрап отыр.
Баһадүр Масаитов, шаруа:
- Кеңейтіп, ферма ашу керек. Сосын анау жерді, жем-шөпті дайындау керек. Сарайды салу керек қой. Оған ақша керек. Мысалы, жоңыршқа егемін десең, ұрыққа мынау селхоз бөлімше де көмек берсе, жоңыршқаның ұрығын алып берсе. Хотя бы солярка майға көмек берсе.
Аудандық әкімдік шаруаны қолдау үшін 2 гектар жер берген. Ал аймақтағы ауыл шаруашылығы басқармасы кәсіптің бұл түріне арналған ешқандай бағдарлама жоқ екенін айтады. Басқармадағылар Баһадүр секілді кәсіпкерлер көбейсе ғана қаржы қаралуы мүмкін дейді.
Нұрсұлтан Ақжолов, ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:
- Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығы өнімділігін, өнім сапасын арттыру қағидасында түйеқұсқа субсидия қарастырылмаған. Алайда тауық етіне және күркетауыққа субсидия қаралған, егер де мұндай шаруашылықтар саны артып, дамып келе жатса, онда біздің тараптан ұсыныс енгізуге әрқашан дайынбыз.
Баһадүр Масаитов құс санын көбейту үшін түйеқұстың бірін сойып, қаржысына 2 инкубатор сатып алған. Шаруа 42 күнде 20 балапан шығатынан айтады.
Авторлары: Мерей Бает, Тимур Сейілхан, Бақытжан Бапаев.