Атырау өңірінде 8 сарбаз тегін оқуға түсті
Биыл 700-ге жуық атыраулық әскерге барады, деп хабарлайды «Хабар 24».
Оның 500-ге жуығы Батыс өңірде әскери борышын өтейді. Яғни, шекара қызметіне 250 сарбаз жіберілсе, 200-ден аса жас Батыс Қазақстан, Маңғыстау және Ақтөбе облыстарындағы Қарулы Күштер қатарына қосылады.
Жастарды әскерге шақыру мақсатында оларға берілетін жеңілдік көп. Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатыспай, жоғары оқу орнына түсу, білім гранты және кредиттік каникул секілді жеңілдіктер бар. Биыл өңірде әскери борышын өтеп келген 8 сарбаз білім грантын алды. Сондай-ақ 40 шақтысы ұлттық бірыңғай тестілеуге қатыспай, жоғары оқу орнына түскен.
Әскери қызметтің абыройын арттырып, беделін көтеру мақсатындағы жұмыстар жүйелі жүріп жатыр. Ал бүгін 20 сарбаз Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметіне әскери борышын өтеуге аттанды.
Жасұлан Сатыбалдиев, облыстық Қорғаныс істері жөніндегі департамент басқармасының бастығы:
- Ендігі мезетте біз Батыс бөлігінде қызмет етуге жұмыстанып жатырмыз. Яғни, Атырау облысының жас сарбаздары батыс бөлігіне, оның ішінде Маңғыстау облысы, Ақтөбе және Батыс Қазақстан облысында Қарулы Күштер қатарында өзінің әскери қызметін атқарады. Балаларды біз Шығысқа, Оңтүстік, Солтүстікке жібермейміз, өзіміздің Батыс бөлігінде қызмет етуге жұмыстар жүргізіп жатырмыз.