«Судың да сұрауы бар», бірақ бізде судың сұрауы жоқ
Президент Жолдауында алдағы үш жыл ішінде агроөнеркәсіптегі өңделген өнім үлесін 70 пайызға жеткізу керек деген нақты міндет қойылды.
Тапсырма орындалып, егістікті жайқалтып қою үшін ғылымға негізделген қолдан суару жүйесін жетілдіру қажет. Себебі трансшекаралық су көздеріне тәуелді елімізде 2040 жылдарға қарай тіршілік нәрінің тапшылық деңгейі 12-15 миллиард текше метрге жетуі мүмкін.
Қызылордалық гидротехник ғалымдар жауын-шашыны аз Сыр өңірінде алқаптарды суаруды автоматтандыру керектігін айтады.
Техника ғылымының докторы Серікбай Өмірзақов көктемгі ылғалды тиімді пайдаланып, күрішті плёнка астында өсіру әдісін ұсынып отыр. Сонымен қатар шаруашылықтар білікті гидрологтардың кеңесімен алқаптарының арық-атызын ретке келтіріп отырғаны жөн деп санайды.
Профессор жаңадан құрылған салалық министрлік алдымен қажетті мамандарды даярлауға екпін беріп, гидробекеттердегі есептеу жүйесін оң жолға қойса, аз сумен мол өнім алуға болатынын айтады.
Серікбай Өмірзақов, техника ғылымының докторы:
- Есепке алу технологиясын жүзеге асыруымыз қажет. Әйтпесе, айтылған су мен болжамды су болады. Гидромет болжайды биыл қанша су болатынын. Өкінішке орай шаруалар оған санаспай, көбірек егуге тырысады. Сондықтан ғылым мен әкімдіктердің, арнайы мекемелердің ұсынысымен санасқан дұрыс. Сол қатаң тәртіп болу керек бұл салада.