Лудоманиямен күрес
«Біз ұсынған толықтырулар заңға енгізілетін болса, елдегі лудомания мәселесі 90 пайызға шешіледі».
Мәжіліс депутаты, Республика партиясының мүшесі Руслан Берденов осылай дейді. Ойын құмарлықпен күреске бағытталған заң жобасы жуырда Парламентке келіп түседі. Депутат лудомания дертімен күресу үшін әр ойыншыға тек бір ғана ID нөмір ашқызуға рұқсат беру керектігін айтады. «Кейін оны зейнетақы қорындағы шотымен байланыстырып, белгілі бір сомаға дейін шектеу орнату қажет. Сонда ғана оқушылар, табысы жоқ жандар бәс тіге алмайтын болады», – дейді депутат.
Руслан Берденов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Ал ойнағысы келетін адам лимит арқылы ойнайды. Мысалы айтайын, айлығының 10 пайызын ойнайды, ары қарай лимиті бітеді, болды, ары қарай ойнай алмайды. Бұл біздің бір шығарған нәрсеміз емес. Бұл дүниежүзілік тәжірибе. Құмар ойындарының ақшалай көлемі 1 трлн жетеді осы жылы. Ол бірақ ресми айналым. Енді бейресмидің өзі де 1 трлн-ға жақын. Біздің мемлекеттік жылдық бюджетіміздің 10 пайызы осы болып тұр ғой.