Елімізде «Келешек» атты бірыңғай ерікті жинақтау жүйесі құрылады
Елімізде 5 жастан асқан балаларға арналған «Келешек» атты бірыңғай ерікті жинақтау жүйесі құрылады.
Бұл бағдарламада мемлекет тарапынан ұсынылатын бастапқы білім беру капиталы, жыл сайынғы сыйақы және инвестициялық табыс қарастырылуға тиіс. Осы жинақ пен «Ұлттық қор – балаларға» жобасының қаражаты қосылғанда жас ұрпақтың сапалы білім алуына мүмкіндік туады. Бұндай міндетті Президент өзінің халыққа арнаған Жолдауында жүктеген болатын. Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетовтың сөзінше, «Елде бұған дейін осы сынды тәжірибе болған. Бірақ мемлекет тарапынан төленетін қаражаттың аздығы мен пайыздың төмендігіне байланысты өзінің өміршеңдігін көрсете алмады. Енді жіберілген олқылықтар түзетіліп, жүйе жетілдірілген түрде қайта іске қосылса, бұл көптеген ата-аналар мен балаларға үлкен көмек болады», – дейді халық қалаулысы.
Асхат Аймағамбетов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- «Келешек» деген сол жүйені жандандырып, жалпы біздің азаматтарымыз осы ай сайын ақшаны тиісті шотқа сала отырып, жинақтай отырып, мемлекет тарапынан тиісті қаражатты көмек ретінде қосымша алып, пайызын көбейтіп, оның барлығын жинақтап, сол ақшаны ертең біліміне пайдалануға жақсы мүмкіндік деп санаймын. Көп мемлекеттерде, әсіресе батыс мемлекеттерде негізі білім алғанда көбінесе грант емес, осылай балаларына тиісті ақшаны жинап, сол ақшаға ертең білім алуға мүмкіндік берілген.