Елде кәсіби патронат отбасы институты құрылады

Қазір тиісті жоба әзірленіп жатыр.

Үш жылда ел аумағындағы 14 балалар үйі жабылған. Оқу-ағарту министрінің сөзінше, 22 мың жеткіншектің 80 пайызы отбасында тәрбиеленіп жатыр.

Ұлты бөлек болғанымен, қазақ отбасында тәрбиеленіп жатқан Қайсардың көңілі шат. Биыл алғаш рет мектеп табылдырығын аттады. Өміріндегі маңызды кезеңге қадам басқан бүлдіршін анасының көмегімен тақпақ та жаттап алған.  

Қазақтың Қайсары анасына қатты еркелейді. Гүлнәр ұлын осыдан үш жыл бұрын балалар үйінен асырап алған. Патронат ата-аналар мектебінен өткен ол болашақ баласының ұлты мен жынысына қарамауға бекінді. 

Гүлнәр, ата-ана:

- Баланы бірінші рет көргенде өте кішкентай, ап-арық еді. Жасы 4-те болатын. Оны көре сала, қалдырғым келмейтінін түсіндім. Тіпті басқа балаларға қарамадым да. Бұл әрекетіме еш өкінбеймін. Оның жаныма жақын адам екені анық.

Қазір елімізде Қайрат секілді 18 мың бала отбасында тәрбие алып жатыр. Бала асыраудан қорықпайтын ата-ана көбейген. Оған түрлі қоғамдық қорлардың тегін көмегі ықпал етті.  Мамандардың есебінше, жыл сайын балалар үйінің  1000-ға тарта тәрбиеленушісі жаңа ата-анасымен табысады.

Юлия Овечкина, ҚР ОАМ балалардың құқығын қорғау комитеті төрағасының орынбасары:

- Елімізде 66 балалар үйі болды. Оның 14-і жабылды. 36-сы балаларды қорғау орталығы ретінде қайта құрылды. Оның мақсаты – жетімдерге барынша қолдау көрсету. Бұрын мемлекеттік балалар үйінде тек тұруға мүмкіндік болса, қазір олардың алаңсыз жүріп-тұруына жағдай жасалып, болашақ ата-анамен табыстыру мәселесі де қаралады. Яғни ата-ананы оқытып, баланың жаңа отбасыға орналасуына септігін тигізеді. Қазір мұндай орталықтарда 4000 бала тұрып жатыр.

Жетім қалғандардың көбі балалар ауылында мекендейді. Жанар Рахимбайдың қарамағында 18 бала бар. 130-дан астамын түлеткен. Тәжірибелі маман баланың жаңа отбасына үйренісуі оңай еместігін ескертті. Оған да дайындалу қажет.

Жанар Рахимбай, тәрбиеші ана:

- Адаптация деген балаға өте оңай емес. әртүрлі болады. Әр бала әртүрлі мінез көрсетеді. Сондықтан  бұрын түсінбесем қазір түсінем, что баланың жаңа қоғамға келіп, адаптация жүріп жатқанын. сондықтан әр нәрсеге әйел заты, әсіресе ана . анасың ба сен кешіріммен қарайсың, сабырлылықпен қарайсың, тек үйретесің, айтасын, түсіндіресің, бірге жанында алып жүресің. Балаларға жанағы жақсылап көңіл бөлсең, мейірімің болса, әр баланың жүрегіне кілт табу қиынға соқпайды деп ойлаймын.

Осы ретте елде кәсіби патронат отбасылар институтын құру көзделіп отыр. Бұл да балалар мен жасөспірімдердің жанұяға қабылдануына мүмкіндік береді. Әсіресе, ерекше қажеттілігі бар өрендер үшін мұндай қолдаудың маңызы зор. Қазір жоба пысықталып жатыр. 

Динара Зәкиева, балалар құқығы жөніндегі уәкіл:

- Ата-анасынан айырылып, қиын жағдайда қалған бала кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталықтарына емес, кәсіби патронат отбасыларға орналастырылады. Оның мекемеде болуы міндеттелмейді. Жетім баланы бағып-қағушыларға 10 АЕК мөлшерінде және сол отбасылардың қызметін өтеуге 70 АЕК мөлшерінде ақы төлеу көзделеді.

Былтыр 200 жеткіншекті балалар үйіне қайтарып беру дерегі де тіркелген. Бұған отбасылардың жаңа өмірге дайын болмауы себеп дейді мамандар.

Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Диас Қобланбаев