Қызылордада Абайдың көне кітабы табылды
Абайдың арабша жазылған кітабы Қызылордададан табылды.
Жинақ 1982 жылы облыстық тарихи-өлкетану музейіне өткізілген. Содан бері зерттелмей мекеме қорында шаң басып жата берген. Төте жазуды ешкім оқи алмағасын, ешкім мән бермеген болуы мүмкін, дейді мамандар. Дегенмен жақында музейдің ғылыми хатшысы бұл жәдігерді зерттеу мақсатында ғалымдардың талқылауына ұсынған. Қазір өлкетанушы Жұмабай Байзақ өлеңдер жинағының қазақша тәржімасын жасап жатыр. Кітап 13 бөлімнен тұрады. Жинаққа ақынның "Масғұт" поэмасы мен 66 өлеңі, аудармасы енген. Ұлы ақынның көне кітабы 1922 жылы "Қазан" баспасынан шыққан деген болжам бар.
Жұмабай Байзақ, өлкетанушы:
- Мысалы «қыс» деген сөзі екі әріптен «ҚС» деп жаза салған. «Жанына» деген сөзді «жнн» деп жаза салған мысалы. Дауысты дыбыстар түсіп қалады. Бұл арабтың алфавитіндегі бір ерекшелік. Дауысты дыбыстарды қаракетпен белгілейді. Бұл енді сол үрдіске сүйеніп, Байтұрсыновтың төте жазуы пайда болмай тұрған кезінде жазылған қолжазба деп есептеймін.
Асхат Сайлау, облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми хатшысы:
- Музей қорында жалпы 2005 жылы қайтадан рестоврациядан өткен ғой. Одан кейін зерттелмеген. Биыл біз алып, музей қорынан алып, зерттеп отырмыз. Өйткені, бізде қазіргі уақытта сирек кездесетін кітаптар мен қолжазбалар қорында 150-ден астам кітаптар мен қолжазбалар бар. Биыл сол жұмысты бастағаннан кейін осы кітап қолымызға тиді.