Ақмола облысында сібір жарасын жұқтырғандардың жағдайы тұрақталды
Ақмола облысында сібір жарасын жұқтырған науқастардың жағдайы тұрақталып келеді, деп хабарлайды «Хабар 24».
Есіл аудандық инфекциялық ауруханада қауіпті кесел жұқтырған 15 адам жатыр. 11-інің диагнозы зертханалық түрде расталса, қалғанының сараптамасы әзірге белгісіз, - дейді мамандар. Ал науқастармен байланыста болған 35 тұрғын дәрігерлердің бақылауына алынды. Қазір елді мекендегі малға індетке қарсы жаппай екпе егіліп жатыр.
Еске сала кетсек, тамыз айының соңында Жарқайың ауданынағы Үшқарасу ауылында сібір жарасын жұқтырды деген күдікпен 10-нан астам адам анықталып, елді мекен карантинге жабылған. Ауылға кіріп-шығуға шектеу қойылды.
Серік Омарханов, Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары:
- Барлық науқасқа қажетті ем-дом шаралары көрсетіліп жатыр. Ауруханадағы 15 адамның үшеуінің жағдайы тұрақталды. Ал қалған науқастардың жағдайы орташа. Қазір ауылда індет анықталған 536 келі малдың еті толық жойылды. Елді мекенде дезинфекциялық шаралар жүргізіліп жатыр.