«Мерейлі отбасы»: Қарағанды облысында еңбекқор әулет тұрады

Қарағанды облысының Ақадыр кентінде бақытын еңбектен тапқан үлкен әулет тұрады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Елубай Әміре ақсақал Шәкітай Жұмабекқызымен 65 жыл отасып, 9 баланы өмірге әкелген. Жанұяда жақсы тәрбие алған ұл-қыздарының барлығы да әр салада адал еңбек етіп, ел алғысына бөленді. Жуырда олар «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының облыстық кезеңінде жеңімпаз атанды. Ауызбіршілігі жарасқан үлгілі жанұяда аймақтағы тілшіміз Ардақ Асылханұлы болып қайтты. 

Үлкен әулеттің тірегі Елубай ақсақал 1934 жылы дүниеге келген. Бала күнінен еңбекке араласып, ерте есейді. Қара жұмыстан қашқан жоқ. Керісінше, қайраттанып шыңдалды. Өмір бойы жүк көлігін тізгіндеп, 40 жыл өндірісте тер төккен. Ардагер отбасылық жиындарда еңбектің наны тәтті болатынын балаларына үнемі айтып отырады.

Елубай Әміре, Еңбек ардагері:

- Менің әке-шешем асырады. Ол уақытта жоқшылық болды, сонда да кішкентай інімнен бастап әке-шешеме көмектестік. Одан кейін отбасыда мен де балаларымды солай тәрбиелеп өсірдім.

Елубай ақсақалдың Шәкітай әжемен отасқанына биыл 65 жыл. Батыр ана 9 құрсақ көтеріп, бәрін құтты орнына қондырған. Ауыр жұмысты атқара жүріп ұрпақ тәрбиесін де бір сәт естен шығарған емес. Балаларының барлығы еңбекқор, адал болып ер жетті.     

Шәкітай Жұмабекқызы, Батыр ана:

- Мал бар, бау-бақшам бар. Бұл кісі 15 күн істеп, 15 күн демалады. Сонда көмектеседі. Күз болса, сол күздік тамақтарымызды дайындаймыз. Балалар түгел жұмыс істеді бәрі. Біреуі – слесарь, біреуі цехта. Түгелі жұмыс істеп, өздерінің оқуға ақшаларын тапты.

Ақадыр тоғыз жолдың торабында орналасқан. Сондықтан болар Әміре әулетінің біраз баласы шойынжолда еңбек етеді. Мәртебелі мамандыққа деген адалдықты қазір немерелері де әдемі сабақтастықпен жалғастырып келеді. 

Мейрамбек Әміре, ұлы:

- Мен өзім 94-тен бастап жұмыс істеймін эксплуатациялық локомотивті депода. Одан кейін менің ағам істейді машинист болып. Ол менен кейін тұрды. Менің балам локоматив көмекшісі болып істейді, машинист көмекшісі Қарағанды эксплуатациялық депосында. Сосын ағамның баласы Ақадырда машинист көмекшісі болып істейді.   

Елубай ата мен Шәкітай әже бүгінде 9 баласынан 32 немере, 30 шөбере сүйіп отыр. Олар әр мереке сайын қара шаңырақта бас қосады.  

Асылған Әміре, келіні:

- Келін болып түскенде жаспыз ғой бәріміз. «Мамка» білмегенімді үйретіп, көрсетіп, қыр-сыр бәрін үйретті. Қазір де қарап үйренеміз әлі күнге дейін. «Мамка» бізде ширақ. Өзі қасымда жүреді, тамақ істегенде көрсетеді, бауырсағымды да пісіртіп. 

Қариялардың жасы 90-ға таяп қалғанымен әлі тың. Бау-бақша өсіріп, балаларға қолғабыс етеді. Үй шаруасына да араласып, тыным таппайды екен. Бүгінгі күнге аман-есен жетудің бір сыры да – осы адал еңбекте, - дейді олар.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Зарина Зұлпыхар.