Қызылордада қауынның жаңа сұрпы егілді
Қызылордалық диқандар қауынның жаңа сұрпын өсіре бастады, деп хабарлайды «Хабар 24».
Қарауылтөбедегі тәжірибелік егінжайға ғалымдар биыл қауынның 10 түрін еккен. Оның басым бөлігі – шетелдік сұрып. Сыр топырағына егілген израильдік және голландиялық сорттың өнімділігі жоғары. Дегенмен шаруалар мен агромамандар салмағы 15 келіге дейін тартатын жергілікті қауынның жаңа түріне ерекше мән беріп отыр.
Бұрын тек қызанақ пен қияр өсірумен айналысқан бағбан Хасен Кененбаев ғалымдар кеңесімен биыл 1 гектарға алып әміре қауынының тұқымын еккен. Егін бітік шықты. Шаруа келер жылы сынақ алаңын ұлғайтпақ.
Жалпы өнімділігі жоғары дақылдар кейін өзге шараушылықтарға таратылады. Президент те өз Жолдауында өнімділігі жоғары тұқым түрлерін агроайналымға енгізу керектігі туралы айтқан болатын.
Хасен Кененбаев, диқан:
- Негізі жылда осында 2-3 гектар қызанақ егеміз. Әміре сортын біз жылда егеміз, бірақ жеуге ғана. Жалпы ірі мына әміре – базарда өтімді осы сорт. Бұның бір жаман жері, жаңбыр жауса, су тиіп тұрған жері бұзылып кетеді.
Самалбек Қосанов, Ы. Жақаев атындағы қазақ күріш шаруашылығы ҒЗИ директоры:
- Гибридтер, будандар өздерін жақсы көрсетіп жатыр. Әсіресе мынау биылғы сынақтан өткен данперра деген сорты өте шыдамды, төзімді, дәмділік қасиеттері жоғары. Өнімділігі басқаларға қарағанда жоғары. Келешекте біз осы гибрид сұрайтын болса, шаруаларға осыны ұсынатын боламыз.