Түркістан облысындағы наубайхана ауылдарды ыстық нанмен қамтып отыр
Жаңа бизнес идеяңыз болса қолдау бар. Грант тек мал өсіруге емес, ерекше кәсіп ашқандарға да беріледі, деп хабарлайды «Хабар 24».
Ордабасыда осындай көмек қаржы алғандардың алды ісін дөңгелетіп отыр. Биыл да біраз ел ұсыныс жасаған. Жалпы ауданда қанша адам грант алған, енді қаншасына беріледі? Қандай жобалар бар?
Ынталы ауылының тұрғыны Дулат Ділдәбеков наубайханада жұмыс істеймін деп мүлде ойламаған. Жұмыссыз ретінде тіркелген ол осы жерден екі қолға бір күрек тауыпты. Қазір қарны тоқ, көйлегі көк. Жұмысым өзіме ұнайды, - дейді.
Дулат Ділдәбекова, наубайшы:
- 2022 жылдың желтоқсанынан бастап осы жерде жұмыс істеймін. Пешке қараймын мен. Бір салғанда 50 нан саламын. 10 минутта шығып отырады. Піскен нанға сұраныс көп. Талап алып кетеді.
Жібек Әмірбекова бұрын үй жағдайында тәтті күлшелер пісеріп сатқан. Өткен жылы мемлекеттің бағдарламаға қатысып, 1 млн 225 мың теңге грант ұтыпты. Оған наубайхана ашып, нан пісеретін пеш пен қамыр илейтін аппарат сатып алған. Көпбалалы ана қазір 3 адамды жұмыспен қамтып отыр. Күніне 1000-1200-ге дейін таба нан пісіреді екен.
Жібек Әмірбекова, Ынталы ауылының тұрғыны:
- Осы Темірланның орталықтағы дүкендерін ыстық нанмен қамтамасыз етіп отырмыз және де көршілес ауылдарға жеткізіп береміз. Бір нанды 120 теңгеден өткіземіз. Мемлекетке рақметімді айтамын, осылай бізге қайтарымсыз грант бергеніне. Кәсібіміз жүріп жатыр.
Өткен жылы Ордабасы ауданында 183 азамат қайтарымсыз грант алған. Олардың 3-уі – әлеуметтік жәрдемақы алатын аналар, 8-і – мүгедек, 83-і – жұмыссыз жастар. Биыл 90 адамды қамту жоспарланған. Бүгінге дейін соның 50-і қаржысын алса, қалған 40 адамға осы айда беріледі деп күтілуде.
Қарлыға Әбитаева, облыстық еңбек мобильді орталығы Ордабасы аудандық филиалының директоры:
- Ауылды жер болғандықтан, мал жағы көбірек болып тұр. Бірақ қазір жастарға үйретіп, түсіндіріп, басқа да бизнестің жобаларымен жұмыс істеуге шақырып жатырмыз. Бұл алғандардың барлығы өздерінің жұмыстарын бастап, қасына 1-2 адамнан жаңа жұмыс орындарын ашып, жұмыс істеуде.
Биыл Түркістан облысы бойынша кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаға сәйкес 1 мың 700 азаматқа қайтарымсыз грант беру жоспарланып отыр.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш.