«Тайқазан» ұлттық және этникалық киімдер байқауы. LIVE

Түркістанда көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, белгілі этнограф, тарихшы Өзбекәлі Жәнібеков атындағы халықаралық «Тайқазан» ұлттық және этникалық киімдер байқауы өтіп жатыр.

Түркістанда алғаш рет өткізіліп отырған Өзбекәлі Жәнібеков атындағы халықаралық шараға еліміздің түкпір-түкпірінен, сондай-ақ көршілес Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Әзербайжан елдерінен келген дизайнерлер, ұлттық-мәдени бірлестіктер мен он саусағынан өнер тамған сәндік қолданбалы өнер шеберлері қатысып жатыр. Өздеріңіз көріп тұрғандай дизайнерлер әр ұлттың өзіне тән ою-өрнегімен көмкерілген түрлі киім үлгілерін заман талабына сай жаңғыртып, көрермен назарына ұсынуда. Әр елдің киімге деген талғамы да әр түрлі. Сән әлемі де уақытпен бірге өзгеріп, жаңарып отыратыны заңдылық. Сондықтан байқауға қатысып жатқан сәнгерлер де ұлттық киімдерді бүгінгі күннің сұранысына сай дамытып отыр деуге болады. Шараны ұйымдастырушылардың айтуынша, байқауға қатысуға 30-дан аса үміткер өтініш берген. Мамандар солардың арасынан 15 дизайнердің жұмысын таңдап алып, байқауға қатыстырып отыр. Оның тең жартысы шетелдік сәнгерлердің еңбектері. 

Бұл байқау бұған дейін елімізде екі рет республикалық деңгейде өткізілген. Биыл халықаралық деңгейде ұйымдастырылып отыр. Байқау жеңімпаздары бағалы сыйлықтар және арнайы жүлделермен марапатталады. Айта кетейік, халықаралық шара Түркістан облысы мәдениет және туризм басқармасының ұйымдастыруымен өтіп жатыр.