Ұрпақтар сабақтастығы
Қара жұмыстан жігерім жасымады, керісінше шыңдалдым.
«АрселорМиттал Теміртау» кәсіпорнының қаңылтыр илеу цехының слесарь-жөндеушісі Николай Монкевич осылай дейді. Саладағы 34 жыл адал еңбегі үшін ол еңбек даңқы орденімен марапатталды.
Николай Монкевич көп жылдан бері «АрселорМиттал Теміртау» зауытының қаңылтыр илеу цехында жұмыс істеп келеді. Ол мамандық таңдауға келгенде көп ойланбаған, өмір бойы металлургия зауытында жұмыс істеген әкесінің жолын қуыпты. Сондықтан, кәсіби техникалық оқу орнында білім алып, арнайы тәжірибені осы мекемеде өтіп, өз өмірін металл өндірісімен байланыстыру туралы шешім қабылдапты.
Николай Монкевич, № 2 қаңылтыр илеу цехының слесарь-жөндеушісі:
- Үлкен өндіріс, тынымсыз үдеріс. Бастапқыда әрине қиын болды. Алайда, бой үйренгеннен кейін жұмыс алға басты. Себебі өз қалауым осы еді. Саланы меңгеру үшін бар күш-жігерімді салдым.
Слесарь-жөндеушінің жұмысы бір қарағанда қарапайым болып көрінгенімен, оның өз қиындықтары бар. Әрі бұл іс екінің бірінің қолынан келмейді. Себебі, еліміздегі алпауыт кәсіпорынның цехында барлық қондырғыларды қадағалау, мойынтіректердегі қызуды тексеру және станоктардың жұмысын бақылау үдерісі асқан жауапкершілікті және ұқыптылықты қажет етеді. Бұл салада бәрі маңызды.
Николай Монкевич, № 2 қаңылтыр илеу цехының слесарь-жөндеушісі:
- Ең бастысы қауіпсіздік ережелерін сақтау қажет. Қолмен жасайтын шаруадан гөрі ақылмен атқаратын жұмыс көп. Әрине оған тәжірибе керек.
Николай Монкевич сөзге сараң болғанымен, іске мығым, нағыз еңбек адамы. Ұжымға ісімен үлгі болып, оларды бір мүдде аясында топтастыра алады. Сондықтан III дәрежелі «Еңбек даңқы» орденімен марапатталып отыр. Ол осы салаға келгеніме еш өкінген емеспін, таңдау мүмкіндігі қайта түссе, ойланбастан металлургияға келер едім дейді Николай Монкевич.
Авторлары: Достық Талғатұлы, Балжан Бейсенова, Надежда Азарова