Абай облысында судьялар мен сот жүйесі қызметкерлерінің халықаралық форумы өтті
Ал Абай облысында судьялар мен сот жүйесі қызметкерлерінің III халықаралық форумы өтті.
Аталған шараға әлемдік судьялар қауымдастығының өкілі ретінде қатысқан делегаттар процессуалдық заңнаманы жетілдіру мен оны практикада қолдану мәселелерін жан-жақты талқылады. Форум барысында облыстық сот ғимаратының алғашқы іргетасы қаланды.
Биылғы форум «Қазақстан Республикасының процестік заңнамасы: түсіндіру, қолдану практикасы және жетілдіру мәселелерін» кеңінен талқылауға арналды. Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев шараның ашылу салтанатында Тәуке ханның тұсында қабылданған «Жеті жарғыдан» бастап, тәуелсіз Қазақстанның тарихында да алдымен сот реформасына баса мән берілгенін атап өтті.
Нұрлан Ұранхаев, облыс әкімі:
- Сөзімді бастамас бұрын ең алдымен баршаңызға «Руханият пен адамгершіліктің, мәдениет пен өнердің, әділдік пен адалдықтың мекені болған киелі Абай еліне қош келдіңіздер!», – дегім келеді. Дала демократиясында әділдігімен төрелік айтқан, қара қылды қақ жарған қазылар мен билердің берік институты қалыптасты. Халықаралық форумды өткізу орны ретінде қарт Семейді таңдағандарыңыз үшін зор ризашылығым мен алғысымды білдіремін!
Еліміздің Судьялар Одағы, Сот төрелігі академиясы және Абай облыстық соты ұйымдастырған пікірталасқа Қазақстан, Беларусь, Қырғызстан және Ресей судьялары мен ғалымдары қатысты. Олар қолданыстағы заңнаманы жетілдіру және сот өндірісінде IT-технологияларды барынша тиімді қолдану мәселелерін талқылады.
Асламбек Мерғалиев ҚР Жоғарғы Сотының төрағасы:
- Өздеріңіз білесіздер, мемлекет басшысы экономикалық блокты дамыту жөнінде, салық және бюджет саясатына өзгерту, IT-технологияларды қолдану, жасанды интеллектіні дамыту жөнінде айтқан болатын. Соның аясында бүгін біз процессуалдық заңдарға өзгеріс енгізіп, ол жердегі бюрократиялық кейбір нормаларды өзгертіп, не болмаса оларды алып тастап, қолайлы жағдай жасаймыз деген ойдамыз.
Жиын барысында онлайн-сауда қызған дәл бүгінгідей заманда тұтынушылар құқығын қорғау жайы да күн тәртібіндегі өзекті тақырыптың біріне айналды. Жоғары сот төрағасы мен өңір басшысы халықаралық форум аясында Абай облыстық сотының жаңа ғимаратының іргетасын қалау шарасына қатысты. Жобаға сәйкес, ол заман талабына сай салынатын төрт қабатты ғимарат болады.
Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Әсем Өтешева, Медет Өмірханов