Ақтауда жауынгерлердің ұрысқа әзірлігі шыңдалды
Ақтау теңіз портын басып алуға әрекеттенген күдіктілердің жолы кесілді.
Әскери теңіз күштерінің десанттық шабуылдау батальоны заңсыз қаруланған топты құрықтау кезінде кәсіби шеберлігін байқатты. Бұл Теңіз жаяу әскерінің тактикалық жаттығуының бағдарламасы. Ол 3 кезеңнен тұрды. Таңсәріден десанттық шабуылдау батальоны дабылмен көтеріліп, сарбаздар мен жауынгерлік техникалардың ұрысқа дайындығы тексерілді. Бұдан соң әскери базадан Ақтау портына дейін 50 шақырымға жорық жасалды. Діттеген жерге жеткен соң теңіз десанты порт аумағын қоршауға алды. Тактикалық жаттығудың мақсаты - жеке құрамға жаңадан қосылған жауынгерлердің ұрыс әзірлігін шыңдау.
Диас Абжиков, десанттық шабуылдау ротасының қатардағы жауынгері:
- Мұндай жаттығулар біздің жас сарбаздарға өте маңызды. Себебі, біз өзіміздің жауынгерлік даярлығымызды арттырудамыз. Теңіз жаяу әскері - әрқашан өз Отанымызды қорғауға әзірміз.