Ақтаулық сала мамандарына Салық кодексіне енетін өзгерістер түсіндірілді

Салықтық бақылау қызметі толық цифрландырылады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жаңа кодекстің жай-жапсарын сала мамандары аймақтарды аралап, түсіндіріп жүр. Кезекте жиын Ақтауда өтті.

Ақтауға Астанадан жұмыс тобы келетінін естіген көпшілік жиын өтетін ғимарат залын толтырды. Бірнеше өңірден арнайы келген азаматтар да бар. Гүлнар Әмірханова Атыраудағы жеке серіктестікте бас есепші қызметін атқарады. Аталған мекеме мұнайлы аймақта ірі өндіріс орнын құрған. Қаржы саласының маманы бұған дейін компания төлеген қосымша құн салығы кері қайтарылғаны дұрыс деп санайды.

Гүлнәр Әмірханова, серіктестіктің бас есепшісі:

- Серіктестік елімізде алғаш рет интеграцияланған ірі өндіріс орнын ашты. Осыны ескере отырып, компания салық кодексінен қосымша құн салығына қатысты өзгерту енгізуді ұсынды. Қомақты қаражат кері қайтарылған жағдайда зауытты жетілдіріп, әрі жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік болар еді. 

Кездесуге келген азаматтарға Салық кодексін өзгерту салық төлеу жолдарын мейлінше жеңілдетіп, соның ішінде кәсіпкерлік саланы дамытуға барынша мән берілетіндігі айтылды. Мамандар Еуропа елдерін аралап, олардағы салық жүйесін саралапты. «Шетелде барлық салықтық төлемдер онлайн түрде төленеді. Бұл бірінші кезекте шағын және орта бизнестің дамуы үшін маңызды», - дейді Мәжіліс депутаты Мархабат Жайымбетов.

Мархабат Жайымбетов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Кәсіпкерлерге жағдай жасасақ, дамытсақ, бюджетіміз көбейеді. Бұл – мұғалімдердің, мемлекеттік қызметкерлердің айлығы, бәріміздің зейнетақымыз. Мемлекет басшысының тағы бір тапсырмасы цифрландыру мәселесі. Цифрландыру дегеніміз не ол? Ол ашықтық әрі жариялылық. Халық түсіне білуі керек. Қандай қаржымыз түсіп жатыр, қандай мүмкіншіліктеріміз бар. Сондай үлкен сауалдарды қазір біздер талқылап отырмыз.

Ал біздің елімізде салық жүйесі қашан толық цифрландырылады? Түйткілді сауалды Қаржы министрінің орынбасарына қойдық. Ержан Біржановтың сөзінше, келер жылы қазақстандықтар электронды жаңа қызмет түрлерін ала бастайды. 

Ержан Біржанов, ҚР Қаржы вице-министрі:

- Кейбір ақпарат толық болмағандықтан, камеральдық бақылау жасаған кезде салық төлеушілер органдарға келіп, сұрақтарын айқындайды. Қазіргі таңда барлық меклекеттік органдармен, басқа да деректерді біз электронды түрде алатын болсақ, банктермен алатын болсақ, салық төлеуші бізге келіп керек емес. Сол тараптар бұл кодексте де көрсетіледі және де қазір біздің ведомствомызда 2 жаңа салық жүйесі жасалып жатыр. Осы жылдың аяғында пилоттық жоба жасалатын болады. Келесі жылы толыққанды енгізіледі.

Министрлік өкілінің айтуынша, Қазақстанда жыл сайын 100 мыңнан аса салық төлеушіге әкімшілік шара қолданылады. Басым көпшілігіне ескерту берілген. Осы ретте халықтың салық органдарына көзқарасын жақсарту үшін жаңа кодексте «Сенім қағидаты» енгізілмек.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев.