Үкіметте шаруаларды қолдау шаралары әзірленді

Астықты қабылдау кезінде кәсіпорындар мен карантиндік қызметтер тәулік бойы жұмыс істейтін болады.

Бидайды кептіру үшін қосымша дизель отыны бөлініп, қаржы институттары және Азық-түлік корпорациясы шаруаларға, несиелерді, лизингтерді төлеу мерзімін ұзарту мәселелерін егжей-тегжейлі пысықтайды. Бұдан бөлек, қосымша субсидиялар бойынша борыштарды жабу жеделдетіледі. Келесі жылға фермерлер үшін сапалы тұқым қоры құрылады.

Үкіметте шаруаларды қолдауға арналған шаралар әзірленді. Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Егін жинау науқаны жөніндегі жедел штабтың отырысында «Қазір біздің басты міндетіміз – ауа райы қолайсыздығының салдарын азайтып, фермерлерге барлық қажетті қолдауды көрсету және келесі жылға сапалы тұқым қорын қамтамасыз ету» деді.

Қазақстанның негізгі астық егетін өңірлерінде кейінгі 2 аптада жауын-шашын толастамай тұр. Қазгидрометтің болжамы бойынша, жауын-шашын 17 қыркүйекке дейін жалғасып, аяз түседі, соның салдарынан солтүстік өңірлерде жаңа дәннің өніп кетуі және ылғалдың жоғарылығынан сапасының төмен болу қаупі бар.