Жұрт асыққан жәрмеңке
Дегенмен алтын күз берекесін беріп жатыр.
Астаналықтар күн шықпай жәрмеңкеге асықты. Бұл жолы, Атырау мен Жамбыл облысының ауылшаруашылық өнімдері жеткізілген.
Өнім өндірушілердің айтуынша, тауарлардың бағасы, әлдеқайда арзан, әрі ауыл-аймақтан енді келгендіктен, сапасы да жоғары.
Бүгін Ахмет Байтұрсынұлы мен Қасым Аманжолов көшелерінің қиылысында орналасқан Қазақ Ұлттық Өнер университетінің аумағы ерекше толы. Жұртшылық жәрмеңкеге жиналды. Бұл күндері Атырау мен Жамбыл облысының ауыл шаруашылық өнімдері сатылуда. Отандық өнімге деген сұраныс жоғары, таңсәріден ұзын-сонар кезек қалыптасты.
Пияз өндіру бойынша көш бастап тұрған Жамбыл облысы биыл 800 мың тоннадан аса пияз жинаймыз деп жоспарлап отыр. Бұл өз кезегінде түгел Республиканың қажеттілігін қамтитын көлем. Өндірушілер жәрмеңкеге Шу ауданында шығарылатын әйгілі мақсары майын да алып келген. Ұсынылып отырған баға нарықтағымен салыстырғанда әлдеқайда төмен дейді ұйымдастырушылар.
Қанатбек Мәдібек, Жамбыл облысы әкімінің орынбасары:
- Жалпы, 300 тоннаға жуық ауыл шаруашылық өнімдері келді бүгін. Оның ішінде 30 тоннадан астам ет, 10 тоннаға жуық тауық еті. 210 тоннадан астам көкөніс, бақша өнімдері. Балық өнімдері бар. Басқа да сүт өнімдері, жұмыртқа. Қазір барлық 10 ауданнан шаруаларының ұйымдастырылуымен келді. Қазір осында сату үстінде. Бәрі әдеттегідей, баға да қалыпты. Бізде енді мақсары майы бар, ерекшелігі сол. Шу ауданында жасалынатын. Енді барлық өнімдер осы Жамбыл облысында шығарылған.
Амангелді Құнашев, кәсіпкер:
- Біз Атырау облысы, Махамбет ауданы, Алға ауылы деген жерден келіп тұрмыз. Өзіміздің жеке шаруа қожалықпен айналысамыз. Сиыр етін әкеліп тұрмыз қазіргі таңда. Бағасы әкімшіліктің ұсынған бағасы. 2200 ден сатып жатырмыз. Жақсы, саудамыз жүріп жатыр. Клинеттер риза боп жатыр, біз де ризамыз.
Таңғы сағат 08:00-де басталған жәрмеңкенің саудасы қызып, шаруалар әкелген тауардың жартысынан көбін түске дейін сатып үлгерген. Әсіресе, етке деген сұраныс жоғары. Жалпы, жылқы етінің бағасы 2500 теңгеден басталса, сиыр еті 2200 теңгеден сатылып жатыр. Өндірушілер ұсынып отырған баға нарықтық бағадан 15-20%-ға төмен. Бұл дәстүрлі ауыл шаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесі қазан айының соңына дейін жалғасады. Келесі демалыс күндері Қызылорда мен Батыс Қазақстан облысының өнімдері ұсынылмақ.
Авторлары: Адина Хамар, Марат Диханбаев