Медициналық пойыз қостанайлық тұрғынды бір ажалдан алып қалды
«Саламатты Қазақстан» жобасы бойынша жолға шыққан дәрігерлер теміржол бойындағы Свердловка ауылына тоқтаған.
Сол жерде тұрғындардың денсаулығын тексеріп, жүрек стимуляторы сыр берген қартқа көмек көрсетті.
Биыл медициналық пойыз тоқтайтын станциялардың саны көбейді. Бүгінге дейін көшпенді дәрігерлер 50 мың тұрғынды қарады.
6 шілде. "Саламатты Қазақстан" жобасының медициналық пойызы Қостанай облысының, Свердловка ауылын аялдады. Дәрігерлерге басы ауырып, балтыры сыздаған жұрт ағылып, қарала бастады. Олардың арасында Зинаида ШирОкова да бар. Ол осыдан 10 жыл бұрын жүрегіне стимулятор салдырған. Арада жылдар өтіп, науқастың ауруы қайта асқына бастаған еді. Осы уақта медициналық пойыз келіп, қарттың бір жоғы түгенделді.
Зинаида Широкова, Свердловка ауылының тұрғыны:
- Қостанайдағы ауруханаларды аралап, табан тоздырдым. Олар мені палатаға жатқызып, кейін қажетті аппараттар жоқ екенін айтты. Сөйтіп, ауылда соңғы күнімді күтіп жаттым деуге болады. Алайда туған күнімнің қарсаңында медициналық пойыз келді. Сол арқылы маған операция жасалды, өзімді жақсы сезінемін. Тыныс алу жеңілдеді. Дәрігерлерге алғысым шексіз. Өте мұқият, білімді, тиянақты екені көрініп тұр.
Мұндай операцияның құны негізі 2 млн теңге. Алайда науқасқа дәрігерлер тегін қызмет көрсетті. олардың айтуынша, электрокардиостимулятор - жүректің соғу жиілігін реттейді. Оны 7-9 жыл сайын ауыстыру керек. Әйтпесе, арты қайғылы жағдайға әкеп соғуы мүмкін.
Серік Бағыбаев, дәрігер-аритмолог:
- Жүректің ішінде әр адамда тоқ беретін жасушалар бар. Солар жас келе әлсіреп, адамның жүрег соғу жиілігі төмендейді. Адам әлсірейді, естен тануы мүмкін, жалпақ тілмен айтқанда жүрегі тоқтап қалуы мүмкін. Соның алдын алу үшін стимулятор қоямыз. Науқастың жағдайы жақсы. Операция жасалғанына 2 күн өтті. Бүгін шығарып жатырмыз.
Сәуір айынан бастап медициналық пойыз 76 станцияға тоқтады. Алда тағы ондаған ауылға барады. Дәрігерлер екі күн аялдап тұрғындардың денсаулығын тексереді. Негізінен терапевт, педиатр, гинеколог сынды мамандарға сұраныс жоғары. Жоба үйлестірушісінің айтуынша, пациенттердің 90 пайызы әйелдер. Оның үстіне, мұнда тек медициналық емес, құқықтық-әлеуметтік көмек те көрсетіледі. (ГРАФИКА) Биыл "саламатты қазақстан" пойызының көмегіне 50 мыңнан аса адам жүгінді. Күніне 1 мыңнан аса адам қаралады. Бұл былтырғы көрсеткіштен әлдеқайда көп.
ГРАФИКА:
Дәрігерлердің көмегіне жүгінгендер
2022 жыл 2023 жыл
5 мыңнан астам → 50 мыңнан астам
Бір күнде қаралғандар саны
2022 жыл 2023 жыл
100-300 адам → 1 мыңнан асады
Жанар Үсіпбекова, "Саламатты Қазақстан" жобасының үйлестірушісі:
- Бұл пойызда 22 медик бар, 15 врач 7 медсестра. Хирург, гинеколог, лор, акулист, екі узи бар. Лаборатория бар.
Медициналық пойыз 6 желтоқсанға дейін жүреді. Мамандар ауыл тұрғындарының денсаулығын жақсартып ғана қоймай, тұрмысын да түзетуге ниетті. Осы орайда жобаға қаржылық сауаттылық курстарын қосу жоспары бар.
Авторлары: Бекзат Аманов, Жандос Битабаров