Оралда ардагерлер арасында әлем чемпионаты өтіп жатыр. LIVE
Кешелі бері Оралда самбодан ардагерлер арасында әлем чемпионаты өтіп жатыр.
Жарысқа әлемнің 18 елінен 500-дің үстінде спортшы келген.
Ерденбек Жылқайдарұлы, тілші:
- Міне, екінші күн Оралдағы мұз сарайында жергілікті жанкүйерлер ардагер спортшылардың жеңісті сәттеріне куә болуда. Әлемнің 18 елінен келген 540-тай самбошы жас ерекшелігіне қарай 7 дивизионға бөлінген. Әр дивизиондағылар 6 салмақ санаты бойынша боз кілемге шығып, кім мықтыны анықтайды. Кеше 55-59, 60-64 жас арасындағы және 65 жастан жоғары балуандар белдесті. 10 бірдей балуанымыз жаһандық жарыстың жеңімпазы атанып, командалық есепте көш бастадық. Олардың ішінде оралдық Қазболат Құрмашев 7 дүркін әлем чемпионы атанса, 5 мәрте ілем біріншілігін ұтқан Әбдісадық Халилаевты ерекше атап өтуге болады. Соңғысымен біз финалдан кейін сұхбаттасқан едік.
Әбдісадық Халилаев, самбодан әлем чемпионы:
- Жасым 67-де. Осымен әлемді 5-ші рет ұтып отырмын. Аллаға шүкір, Қазақстанда бірінші рет өтіп жатыр. Намысты қолдан бермейін деп. Осыған дейін 4 рет шетелде ұттым. Өз жерімде халық көрсін, білсін деп. Осы Қазақстандағы ардагер спортшылардың аға жаттықтырушысымын! Рахмет халыққа, елге қызмет істеп жатқан азаматтарға! Еліміз тыныш болсын! Спортымыз жайнай берсін көркейе берсін!
Ардагерлер арасындағы тартысты белдесулер бүгін де жалғасты. Жарыстың екінші күні 45-49 және 50-54 жас аралығындағы балуандар боз кілемде барын салуда.
Тікелей эфирде біздің сауалымызға жауап берген Қазақстан самбо федерациясының бас хатшысы Ерназар Бексұлтанов болатын. Самбо ардагерлерінің арасындағы чемпионат ертең өз мәресіне жетпек. Жалпы командалық есепте отандастарымыз бірінші орынды жеңіп аларына сенім мол. Жасы ұлғайса да спортты тастамай, саламатты өмір салтын серік еткен ағаларымыздың жеңіске құштарлығы өскелең ұрпаққа өнеге.