Ақтөбеде креатив орталығы жұмыс істеп тұр
Ақтөбе жастары шығармашылықты шыңдау орталығында жиі бас қосады.
Себебі бұл жерде зияткерлік қабілетті дамытып қана қоймай, өнердің түрлі бағытымен шұғылдануға болады. Кітапхана жанынан құрылған тың бастама болашақта батыс аймақтағы креатив индустриясының діңгегіне айналуға тиіс.
Диана Дарбаева креатив орталығы туралы құрбысынан естіген. Жеке кәсіп иесі бизнес жүргізудің қыр-сырын үйрену үшін де кітапханаға жиі бас сұғамын дейді. Білім маржаны- кітаптар мен заманауи мүмкіндіктердің бір жерде ұштасқанына дән риза. Жайлы бөлмелерде жаңаны үйреніп қана қоймай, шығармашылықты да шыңдауға болады дейді.
Диана Дарбаева, Ақтөбе қаласының тұрғыны:
- Құрбымның кеңесіне құлақ асып келдім. Бұл жерде өзіме қажет әдебиетті таптым. Бизнес, психология саласын зерттеп жүрмін. Дыбыс жазу және фото студиялары да бар. Жеке брендімді дамытып, әлеуметтік желілерімді жүргізуге өте тиімді.
Дыбыс жазу студиясына күніне онға жуық өтініш түседі. Кәсіби әншілермен қатар өнер жолына енді қадам басқан жастар да бар. Орталық мамандары Димаштың жолын қуған дарындардың дәл осы жерден шығарына сенімді.
Әкімжан Сержан, креатив орталығының қызметкері:
- Жасөспірімдер және үлкен әжелерімізге дейін келеді. Соның ішінде "Дәстүрге жол" қоғамдық бірлестігінің әжелері келіп, өздерінің әндерін айтып, жаздырып кетіп жатыр. Жалпы студия туралы айтатын болсақ өте сапалы, аппараттардың барлығы жоғары деңгейде.
Түрлі бастамалармен бөлісіп, талқыға салуға арналған комьюнити спейс, IT мамандар студиясы, анимация орталығы мен TIKTOK аймақтары, суретшілер, дизайнерлер және сәулетшілерге арналған шеберханалар бар. Заман талабына сай түрленген кітапханакөпшіліктің көңілінен шығып отыр.
Гүлжайнар Қалдина, облыстық жасөспірімдер кітапханасының директоры:
- Ел Президентінің жаңа жолдауында Қазақстандағы креативті индустрияны дамыту негізгі тақырып болып көзге ілінді. Алғашқы креативті орталық біздің Жиенбаев атындағы кітапхананың базасында ашылды. Адам кітап арқылы өзін дамытса, өзін өзі дамытқан адам қау уақытта да сол елді дамытуға, сол елдегі индустрияны гүлдендіруге өзінің ерекше үлесін қосатын мамандар бізден шығады ғой деген ойдамыз. Мына креативті орталық ашылғаннан бері келушілер саны екі есеге артты.
Жаңа орталық батыс аймақта креативті экономиканы дамытуға айтарлықтай үлесі қосуы тиіс. Себебі дарынды әрі шығармашыл жандар үшін қызметтің барлығы тегін көрсетеді.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков