Жанға жылу сыйлаған күн
«Әр отбасының әл-ауқатын жақсарту – Әділетті Қазақстанды құру жолындағы негізгі міндеттің бірі».
Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Отбасы күні мерекесіне орай құттықтауында айтты. Елімізде отбасы институтын қолдауға ерекше назар аударылып келеді. соның бір айғағы – республикалық бюджет есебінен мемлекеттік жәрдемақының 5 түрі төленеді. Биыл бұл мақсатта 1,3 трлн теңге қарастырылған. Бұл қаржыға 2,6 миллион отбасы ие болмақ.
Қаныш пен Жәмиланың шаңырақ көтергендеріне 3 жылдан асты. София есімді бүлдіршінді тәрбиелеп отыр. Ерлі-зайыптылар бүгінгі мерекеге ерекше мән береді. Отбасындағы құндылықтарды қалыптастыруда бұл мейрамның орны айрықша дейді олар. Жылда осы күнді саябаққа келіп, атап өтуді дәстүрге айналдырған.
Жәмила Хангелдина, қала тұрғыны:
- Отбасы күні мерекесі мүмкін бір он-он бес жылда кішкентай баланың, сәбидің есінде әке мен ананың бірге отырып, бірге жүріп, осылай паркқа шығып, татуластықпен, адамгершілікпен, ерекше бір көңіл күймен атап өткен сәттер, менің ойымша, баланың келер болашағына жақсы бір естелік болып қалады деген сенімдемін.
Елімізде Отбасы күні қыркүйектің екінші жексенбісінде атап өтіледі. Бүгінде отбасы институтын қолдауға жекеменшік ұйымдар да айтарлықтай үлес қосуда. Мәселен, Астанадағы отбасы құндылықтарын дамыту институты жарты жылда 3,5 мың адамға көмек көрсеткен.
Дана Әбілдина, отбасы құндылықтарын дамыту институтының тең құрылтайшысы:
- Көбінесе, дұрыс қарым-қатынас жасай алмағандықтан шаңырақ шайқалады. Жұбайлар бір-бірін тыңдай білуі керек. Мәселеге тереңдете үңіліп барып шешім қабылдағаны жөн. Біз психологиялық, құқықтық тұрғыда кеңес береміз. 40 адам жобамызға атсалысты. келесі жылы да тағы тың жобаларды қолға алуды жоспарлап отырмыз.
Биыл, алғашқы жарты-жылдықта Қазақстанда, 50 мыңнан астам неке қиылған. Сарапшылардың айтуынша, некеге тұрғандардың арасында, жасы 35-тен асқан ерлердің үлесі 21 пайызды, ал, әйелдер 16 пайызды құраған. Былтыр 128 мың жұп некесін қиды. Бұл тізімде Астана қаласы көш бастап тұр. 1000 адамға шаққанда 8 некеден келеді. Сондай-ақ, жігіттер орта есеппен 28 жасында үйленсе, ал, бойжеткендер 25 жасында тұрмысқа шыққан екен.
Авторлары: Нұрқанат Қанапия, Ырыстанбек Оспанов