Қоянды жәрмеңкесіне 175 жыл толып отыр

Жуырда қазақ даласындағы әйгілі Қоянды жәрмеңкесіне қатысты тың деректер жарыққа шығады.

Бұл туралы Қарқаралыда өткен ғылыми-тәжірибелік конференцияда тарихшылар мәлімдеді. Олар Ресейдегі бірнеше мұрағатты ақтарып, еш жерде жарияланбаған құнды мәліметтер тапқан. Биыл Қоянды жәрмеңкесіне 175 жыл. Мұны тек сауда-саттықтың орталығы деп қарамау керек, Алаш идеясының алтын қазығы, көптеген маңызды шешім қабылданған құтты жер, - дейді ғалымдар.

Рухани шара барысында Қарқаралы ауданы мен Түркістан қалалары арасында ғылым, экономика, туризм, мәдениет салалары бойынша ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойылды. Бұл күні жәрмеңке тарихынан сыр шертетін жаңа деректі фильм көрсетілді. Сонымен қатар тарихи-этнографиялық көрме ұйымдастырылды.

Елдос Тоқтарбай, алаштанушы-ғалым:

- Бұл жәрмеңкені тек байлардың, я болмаса саудагер-көпестердің келуі деп қана қарамау керек. Бұл жерде қазақ меценаттығының, қазақ ақсүйектігінің негізі қаланған. Осы жерде қазақтың талай байлары ақысыз, пұлсыз жұртына адал қызмет етудің ерен үлгісін көрсетті. Қазаққа театр керек деді, кино керек деді, қазаққа әдебиет, мәдениет, баспасөз керек деді. Дін керек, мешіт керек, мектеп керек, медресе керек деді. Соның барлығы осы Қоянды жәрмеңкесінде талқыланды.