Оралда қыз-келіншектерге арналған киіз басу курсы ұйымдастырылды

Өнерді үйрен де жирен. Оралда жұмыссыз және көпбалалы аналарды қолөнерге баулитын, яғни киіз басудың қыр-сырына үйрететін оқыту курсы ұйымдастырылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жаңа кәсіпті меңгергендер келешекте түрлі грант алып, өз ісін ашуға мүмкіндік алмақ. Өңірде 17 мыңнан астам жұмыссыз болса, соның 9 мыңы – әйел. Бұл – екі қолға бір күрек таба алмай жүрген қыз-келіншектер үшін таптырмас мүмкіндік.

Надежда Рабаева – 4 баланың анасы. Қазір бала күтіміне байланысты үйде отыр. Бос уақытында пайдалы іспен шұғылданғысы келеді. Сол себепті киіз басу курсына жазылған. 2 күнде көп нәрсеге үйренгенін айтады.

Надежда Рабаева, көпбалалы ана:

- Танысымнан естіп келдім. Өзім қолөнерге қызығушылығым бар. Үйден тігінге қызығам, тігем қыздарыма. Жұмысқа шыға алмайтын болғасын, үйден айналысуға үйренуге келдім. Болашақта іспен айналысқым келеді. Осындай Айжан апай үйреткен отырғышқа арналған кішкентай көрпешелер. Қазір мысалға мен сөмке жасап жатырмын.

Қыз-келіншектерді киіз басуға үйрету үшін белгілі қолөнер шебері, Қазақстан қолөнершілер одағының төрағасы Айжан Бекққұлова Оралға арнайы келді. Айтуынша, жүннен тек киіз, сырмақ, текемет емес, өзге де бірқатар сәнді бұйым жасауға болады. Мысалы, жұп-жұқа қылып, оны жібекпен астастырып тіккен мына қамзолдың базардағы құны – 200 мың теңге. Ұлттық нақыштағы қолөнер туындыларына сұраныс та жоғары. Жұмыссыздар осылайша өз ісін бастап, табыс табуға әбден болады, - дейді ол.

Айжан Бекқұлова, қолөнер шебері:

- Бізде қазір қойдың жүнін қажетсіз деп өртегенін не далада іріп-шіріп жатқанын көргенде жүрегім жылайды. Жүннен көп нәрсе жасауға болады. Бұл өнерді үйренуге ешқашан кеш емес. Тек қыз-келіншектер емес, зейнет жасындағы әйелдер де киіз басу курстарына қатысып жүр. Тек бізде емес, қолөнердің бұл түрі әлемнің көптеген елінде тараған. Бұрын тек күзем жүнін қолданса, қазір жаңа әдістер арқасында көктемгі қырқым да пайдаға асады.

Курстан соң қатысушыларға бизнес жоспар жасап, түрлі грант ұтып алуға мүмкіндік туады. Ал жалпы өңірде жұмыссыздар саны 17 мыңнан асса, соның 9 мыңы – әйел.

Айболат Сүгірбаев, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының маманы:

- Жалпы жұмыссыздық деңгейі 4,9% болса, әйел адамдар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 5,4 % құрап отыр. 2023 жылдың 1 қыркүйегіндегі жағдай бойынша 21-25 жылдарға арналған кәсіперлікті дамытудың ұлттық жобасы аясында 9133 адам әйел түрлі жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылды.

Жұмыссыздардың 2,5 мыңы жұмыс берушілер мәлімдеген бос орындарға жолданса, 2600 әйел ақылы қоғамдық жұмыстарға тартылған.

Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Қ. Махмудов, Э. Аюпов.