Төленбеген алимент. 15 мың адам арыз берген
Биыл Шымкентте 15 мыңға жуық адам алимент өндіруге арыз берген.
Жеке сот орындаушылары 2 мыңнан астам азаматтың ісін қарап, төлем қабілетіне қатысты шешім шығарды. Әділет департаменті тағы бес жүзден аса борышкердің жауапкершіліктен қашып жүргенін мәлімдеді. Оларға қатысты 4 қылмыстық іс қозғалды.
Сала мамандары «табысын жасырғандардың мекен жайын анықтау қиын»,-дейді.
Сондай-ақ алиментті өндіруге уақытылы шара қолданбаған 1 жеке сот орындаушы лицензиясынан айрылды.
Қалада ажырасқандар арасында жас отбасылар көп. Осы мақсатта олардың арыз талаптарын 6 сот орындаушы арнайы кеңседе қабылдап жатыр.
Мейіржан Исабеков, қалалық әділет департаменті басшысының орынбасары:
- Орындау барысындағы істердің ішінен 50% яғни 5864 құжат бойынша алимент борышкерлердің айлық жалақысынан ұсталынып жатыр. Сонымен қатар 3 айдан астам мерзім ішінде өндірілмей жатқан проблемалық алименттердің саны – 543. Олар бойынша, жалпы осы төлемдердің ұзақ мерзім өндірілмеуінің негізгі себептерінің бірі – борышкерлердің тұрғылықты мекен жайының анықталмауы, яғни борышкерлер іздеуде болуы.