Тағы да мопед мінгендер жайлы...
Қызылордалық полицейлер скутер мен мопед жүргізушілеріне қатысты рейдтік шараларды күшейтті.
Жол ережесін бұзатындардың басым көпшілігі қос дөңгелекті қозғалыс құралын тізгіндеген жеткіншектер болып отыр.
Электр қуатымен немесе көлемі аз қозғалтқышпен жүретін скутерлерді қолданудың ережелері нақтыланбаған. Жалпылама бекітілген тәртіп бар, бірақ оны көпшілік ескермейді. Ал мұның соңы апатқа әкеліп соғып жатыр.
Мына жол апаты Рысқұлов атындағы көшеде болды. Скутер жүргізушісі тізгінге ие бола алмай, Газель автокөлігімен соқтығысқан. 20 жастағы жігіт сол жерде тіл тартпай кетті.
Жыл басынан бері облыс көлемінде мопедтердің қатысуымен 42 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Одан бөлек мотоскутер мінгендер тоқтап тұрған 43 автокөлікке соғылып, оқиға орнынан қашып кеткені анықталып отыр.
Жастар түнімен қала көшелерін жарыс алаңына айналдырып алған. Бағдаршамға бағынбайды, тіпті тротуарға шығып, жаяу жүргіншілерді қаққан кездері болды- дейді полицейлер.
Рейд жүргізген 2 күннің ішінде 53 скутер айып тұрағына қойлылды. Бірақ қолданыстағы заң тым әлсіз болғандықтан жүгенсіз жүргізушілер болмашы айыппұлмен құтылып кетіп жатыр.
Жұлдызбек Құскеев, жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының міндетін атқарушы:
- Жақында скутер мен мопедтерге қатысты заң күшіне енеді. Онда міндетті түрде А1 санатындағы жүргізуші куәлігі мен 16 жасқа толған азаматтардың басқаруы міндеттелген. Ол бойынша қосымша түсіндірме жұмыстарын жүргіземіз. Айыппұлдары енді белгіленеді.
Полицейлер скутер мен мопед мінуге құмар жеткіншектердің ата-аналарымен жиын өткізіп, құжатсыз қозғалыс құралын алып бермеуді өтінді. Жүргізуші 18 жасқа толғанымен қорғаныш бас киімі және жарық шағылыстырғыш белгі болуы шарт. Сонымен қатар олар жолдың тек оң жолағымен жүруі тиіс. Скутер мінгендердің көбісі жеткізу қызметімен айналысамыз, сондықтан асығыс жүреміз деп ақталғандай болды. Дегенмен тәртіп сақшылары басты талап – қауіпсіздік екенін тәптіштеп түсіндірді.
Бектұр Аятбаев, қала тұрғыны:
- Балам 17 де. Пицца таратады. Шлемсіз, құжатсыз ешқайда шықпайды енді. Қадағалап отырамыз.
Ерлан Байкенов, скутер жүргізушісі:
- Өзімде 4 бала бар. Пәтер жалдап тұрамын. Жеткізу қызметімен жұмыс жасап отырмын. Бала-шағамды асырап отырмын.
Түсіндірме жұмыстарынан кейін полиция көлік түріне жатпайтын барлық қозғалыс құралын иесіне қайтарып берді. Жол ережесін қайта бұзғандарға жаза қатаңдай бермек.
Қамбар Бекенов, Ақан Әлиев, «Хабар-24», Қызылорда.