Тігіншілік – табыс көзі
Ақмола облысында ұлттық көлөнерді жаңғыртып қана қоймай, кәсіп көзіне айналдырғандар саны артып келеді.
Олардың қатарында көпбалалы аналардың үлесі басым. Тіпті кейбірі адал еңбек пен мемлекеттік қолдау арқасында шағын тігін шеберханаларын үлкен өндіріс ошағына айналдырған.
Ғалия Алдабергенова – жеті баланың анасы. Кәсіпкер өз ісін осыдан 15 жыл бұрын 3 тігін машинасымен бастаған. Қазір кеңейіп, оннан астам адамды жұмыспен қамтып отыр. Оның үлкен шеберханасы тек облысқа ғана емес, республикаға да танымал. Бұдан бөлек, дайын бұйымдарды саудалайтын дүкені де бар.
Ғалия Алдабергенова, кәсіпкер:
- Мен жүкті кезімде үйде отырып, киім тіге бастадым. Ол кезде шағын шеберханам болатын. Кейін бір-екі адам алып кәсібімді кеңейттім. Себебі тұтынушылар тарапынан сұраныс артты. Кәсібімді алғаш бастаған кезде мемлекет тарапынан қолдау зор болды. Ал бұл ательені біз үш жыл салдық. Мұнда қажетті қондырғылардың бәрі бар.
Ал Самал Қостанова өз кәсібін енді бастаған. Төрт баланың анасы жақында өзінің шағын шеберханасын ашты. Мемлекеттік қолдау арқасында тағы бір тігін машинасын алып, кәсібін кеңейтіп келеді. Ол көбіне ұлттық нақыштағы бұйымдар дайындайды.
Самал Қостанова, кәсіпкер:
- Қазіргі кезде мен көбінесе сырт киімдер тігіп жүрмін. Бұл сырт киімдердің ерекшелігі мен қазақи ою-өрнектер қолданамын. Және суретті мен кестеліп тігу емес, шелкография техникасы арқылы тігіп жүрмін. Қуантатыны, қазіргі кезде көп адамдар киіп жүрген киімдерінің заманауи стильде болғанымен ішінде бір қазақи нақыштын болғанын қалап тұрады. Оның ішінде кішкентай бір ою болсын жасатқысы кеп тұрады. Көбіне маған ондай киімдерді қыз-келіншектер тапсырыс береді.
Айнұр Мусина, Көкшетау қалалық жұмыспен қамту орталығының қызметкері:
- Биыл кәсібін енді бастаған кәсіпкерлерге 27 млн теңгеге 20 грант бөлінді. Негізгі басымдық мал және ара шаруашылығына, тігін шеберханасы мен асхана ашу, жиһаз дайындау жобаларына берілді. Сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі жандарға, толық емес отбасы мүшелері мен қандастарға да қолдау көрсетіледі.
Мемлекеттік бағдарлама тек кәсіп ашуға ғана емес, жаңа жұмыс орындарын құруға да ықпал етіп отыр. Тек былтырдың өзінде өңірде 30 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды. Игілікті іс биыл да жалғасын таба бермек.
Авторлары: Абзал Балтабаев, Евгений Шинкаренко