New Media Forum: Дамудың жаңа бағыттары
YouTube арнасында кәсіби журналистиканы қалай дамытуға болады?
Дәстүрлі БАҚ пен Жаңа медианың айырмашылығы неде? Олар қалай бірлесе жұмыс істейді? Бұл сұрақтар бүгін Алматыда өткен бірінші Жаңа медиа форумда талқыланды. Алыс және жақын шетелден келген сарапшылар ортақ міндеттер мен жауапкершіліктер төңірегінде ой бөлісті.
Өткен аптада ғана елімізде «Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы» заң күшіне енді. «Бұл - Жаңа медианың қоғамда мойындалғанын, яғни, бір белеске көтерілгенін білдіреді», - дейді блогсфера өкілдері. Ия, цифрлық форматтағы медиа жобалардың саны күн санап артуда. «Ютуб арналар, әлеуметтік желілердегі жобалар, оларды жасап отырған инфлюенсерлер белгілі бір деңгейде ықпалды топқа айналды», - дейді қатысушылар.
Бибігүл Құламан, New Media Forum ұйымдастыру комитетінің мүшесі:
- Жалпы мына дәстүрлі БАҚ-тағы аудитория басқа ғой. Ал жаңа медиадағы аудитория ол енді он жеті жаспен қырықтан асқан жастағы азаматтар мен азаматшалар ғой. Сол себепті олардың статистикаға сүйенетін болсақ, ол енді бұл әлемдік статистика деп айтуға болады. Негізі біз сегіз сағаттан жоғары әлеуметтік желіде отырамыз. Бұл көрсеткіштің өзі жарнама берушілердің жаңа медиаға бет бұрысының дәлелі деп ойлаймын.
Бағытты айқындау маңызды, сонымен бірге жауапкершілік те ұмыт қалмауы керек. Контент жасаушы авторлар жалған ақпаратты сараптай білуі қажет. Бұл енді заңмен реттеледі.
Эльдияр Кененсаров, блогер инфлюенсер (Қырғызстан):
- Заң жүзінде әрине көп нәрсені шектеуге болады, бірақ блогердің өз адамгершілік кодексі болуы керек. Өкінішке орай, қазір көп блогерлер ақшаның, атақтың жетегінде кетіп, өзінің ішкі ұстанымынан аттап, қоғамның ережелерін ескермей жатады.
Әлеуметтік желілердің интерфейстеріне мемлекеттік тілді енгізу қажет. Блогерлер контентті қазақ тіліне автоматты түрде аудару мүмкіндігін жасауы тиіс. Бұл заң талабы.
Ел аумағындағы онлайн-платформаларда құқыққа қайшы контентті орналастыруға және таратуға тыйым салынады. Ал, ақысы төленген материалды жарнама екенін көрсететін мәтіндік нұсқаумен таңбалау міндетті.
Евгений Кочетов, ҚР Мәдениет және ақпарат министрінің орынбасары:
- Форумда белсенді түрде талқыланған тақырып бұл жарнама мәселесі. Жарнаманы таңбалау туралы Заң талабын енгізді. Бұл ақылға қонымды талап, себебі аудитория бұл ақылы контент екенін білуі керек. Әрі бұл, әлеуметтік желілердегі жарнама мәдениетін қалыптастырады.
Заң блогерлерді ресми тіркелуді міндеттемейді. Ең бастысы, онлайн ортада кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын кез келген азамат Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексін басшылыққа алуға міндетті.
Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Кенже Амраев