600 мың тонна шөп дайындалды
Атырау облысының ауыл шаруашылығы еңбеккерлері келер қысқа дайындықты қорытындылады.
Биыл жоспар бойынша 600 мың тонна шөп дайындалуы тиіс. Қазір оның 80 пайызы шабылып, қыстақ басына тасыла бастады.
Облыстың негізгі жем-шөп базасы саналатын Қызылқоға ауданының пішеншілері өздерінен артылған шөпті жеке меншік мал иелеріне арзанға ұсынып жатыр. Ол үшін әрбір округте жер телімі бөлініп, мал азығын дайындайтын бригадалар құрылған. Осылайша шаруашылықтар бірлесіп, келер қыстың қамын жасап жатыр.
Екі жыл қатар тасыған Ойыл өзенінің шабындықтар мен көлтабандарға жайылуы ауылдықтар үшін береке болды. Қызылқоға ауданына қарасты Жангелдин ауылының маңайындағы осы көлтабаннан пішеншілер 500 бума шөп дайындапты.
Төреғали Қосбаев, пішенші:
- Биылғы шығым жаман емес, су келді ғой! Осы алқаптан 350 рулон шығып тұр. Бұл роторлы техника деген нәрсе, өзі шабады, өзі прокосқа салады өзінің жеке тырмасы бар бірақ оны пайдаланып жатқан жоқпыз. Күніне 60 рулондай шөп шығады, жердің түсіміне қарай.
Ырғын шөпті еркін игерген шаруашылықтар енді жекеменшік мал иелеріне қарасып жатыр. Биыл аудан округтерінен 62 мың гектар жер телімі бөлініп, 25 пішен бригадасы іске кірісті. Келісім бойынша олар 300-350 келілік буманы 5,5 мың теңгеден асырмауы тиіс.
Ыбырай Уахитов, жеке кәсіпкер:
- Ол меморандумда әкімдіктің келісуімен қойған бағалары. Халыққа қол жетімді бағада шамамыз келгенше әрекет етіп жатырмыз. 4-5 мың рулон дайындаймын.
Биыл Қызылқоға, Құрманғазы, Индер аудандарында шөп шығымы жақсы. Қалған өңірлер керегін осы аудандардан алады. Жалпы қазір негізгі мал азығының 80 пайызы дайын, - дейді басқарма басшылығы.
Аманжол Қабдешев, ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:
- Осы қыркүйек-қазан айларының аяғында мал азығын дайындау толықтай аяқталады деген жоспарымыз бар. Енді жем қорына 41 мың тонна құрама жем қажет болатын. Оны да әрбір округ аудандарда операторлары бар, Ақтөбеден, Оралдан тасып жүрген. 1 келісі 75 теңгеден.
Қысқы мал азығын дайындаушыларға мемлекеттің қолдауы бар. Былтыр мал басына 1 бас сиыр үшін 30 мың теңге субсидия төленді. Осы мақсатқа биыл 2 млрд-қа жуық теңге қарастырылып отыр. Қаражат қараша айынан бастап төленеді.
Арыстанбек Кенже, Темірлан Сұлтанғазиев, Жандос Рахметуллин, «Хабар-24», Атырау.