Алматыда киберқауіпсіздік бойынша конференция басталды
Алматыда киберқауіпсіздік бойынша жыл сайынғы KazHackStan Turan конференциясы басталды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Оған 3 мыңнан астам адам келген. Отандық және шетелдік сарапшылар, сонымен қатар Цифрландыру министрлігінің өкілдері 3 күн бойы киберқауіпсіздік саласындағы мемлекеттік органдар мен бизнес секторының өзара серіктестік мәселелерін талқылайды. Сондай-ақ олар киберқауіптерден қорғаудың заманауи жолдары мен әдістерімен бөліседі. Хакерлік дағдылар мен әдістерге тәжірибе жүзінде назар аударылады. Конференция аясында CyberKumbez оқу-жаттығу полигонында кибершайқас өтеді. Онда командалар ең үздік хакерлер тобы атағына таласады.
Олжас Сатиев, Кибершабуылдарды зерттеу және сараптау орталығының негізін қалаушы:
- Әлемде хакерлердің телевидение жүйесін бұзып кіргенін және өздерінің бейнелерін енгізетінін немесе бір нәрсені өзгерткенін көреміз. Бұл өте маңызды, яғни бұл – елдің қауіпсіздігіне қатысты мәселе. Біз киберқауіптің алдын алу, тойтарыс беруді талқыладық. Бұл, мысалы, спутниктерді бұзу, электронды үкіметтерді бұзу, банктерді бұзу және мұның бәрін қалай қорғау керек деген тақырыпты қозғаған болатынбыз.
Ұлықбек Шамбулов, «Мемлекеттік техникалық қызмет» АҚ басқарма төрағасының орынбасары:
- Жақында тағы бір жаңалық шығарамыз, қазір біз оны зерттеп жатырмыз. Бір «агент тесла» деген вирусты таптық және ол вирус біздің еліміздегі азаматтардың әртүрлі кірген сайттарының кірген құпиясөздерін ұрлап отырған. Мағлұматтарды тауып алдық, хакерлердің инфраструктурасына кіріп көрдік. Олар сіздің орныңызға кіріп, бірдеңе істеуі мүмкін.