Кеншілер шаһарына – 50 жыл
Ұлытау облысының Сәтбаев қаласында келер жылы көпқабатты 18 үйдің құрылысы басталады.
Оның 5-еуі бюджет қаржысына салынса, қалғаны жеке инвесторлардың есебінен жүзеге асады. Бұл туралы шағын шаһардың 50 жылдық мерейтойына арналған салтанатта облыс басшысы айтты.
Өткен ғасырдың 50-ші жылдары кеншілерге арнап салына бастаған елді мекенде бүгінде 70 мың халық тұрады. 1990 жылы Қаныш Имантайұлының есімі берілген. Әрбір екінші тұрғыны өндірісте еңбек ететін қалада соңғы жылдары кәсіпкерлік қарқын ала бастады. Халықтың 10 пайызы шағын және орта бизнестен табыс тауып отыр. Қала күніне арналған мерекелік шаралар ғұлама ғалымның ескерткішіне гүл шоқтарын қоюдан басталып, салтанатты шараға ұласты.
Берік Әбдіғалиұлы, облыс әкімі:
- Биыл Сәтбаев қаласында 30 пәтерлі 1 тұрғын үйдің құрылысы аяқталса, тағы үшеуі салыну сатысында. Одан бөлек 25 мың шаршы метр қалаішілік жол орташа жөндеуден өткізіліп, 20 ойын алаңының құрылысы аяқталды.
Бірқатар еңбек озаттары қаланың Құрметті азаматы атанды. Шаһардың құрылуы мен даму жолында еңбегі сіңген азаматтарға облыс басшысының алғыс хаты мен мерейтойлық медаль табысталды. Солардың бірі – Қазақстанның Құрметті энергетигі Жайық Мұңсызбаев. Қоғамдық жұмыстардан әлі қол үзбеген ақсақал өңірде энергетика саласын дамытуда қолға алынған жұмыстар нәтижелі боларына сенеді.
Жайық Мұңсызбаев, Сәтбаев қаласының құрметті азаматы:
- Жел электр станциясын салмақшы. енді оны болашақ көрсетеді. үлкен үміт күтеміз. кеншілер қаласы болғаннан кейін біздің әрқашанда болашағымыз жарқын, бай болады деп ойлаймын.
Блиц:
- Шахтермыз өзіміз. Осында туып-өстік. Қаламыз қазір баяғыдай емес, көркейіп жатыр.
- Жаңадан райондар қосылып жатыр. жаңа театр ашылыпты, жаңа көріп келе жатырмыз.
Мерекелік шаралар киіз үй қалашығында жалғасты. Дәл осы күні жаңадан бой көтерген кинотеатр жұмысын бастады. Жергілікті көркемөнерпаздар мен отандық эстрада әншілерінің қатысуымен концерттік бағдарлама ұйымдастырылды.
Авторлары: Елдос Кәкенов, Нұрбол Үздікбаев, Гүлшаһира Серекбаева