Жетісу облысындағы зауыт қант қызылшасын қабылдай бастады

«Ақсу» қант зауыты жетісулық шаруалардан қант қызылшасын қабылдай бастады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Биыл бұл кәсіпорын өнімнің 120 мың тоннасын алады деген жоспар бар. Өңірде былтыр 159 шаруашылық қызылша өсірсе, қазір олардың саны екі есе өсті. Бұл аталған дақылға деген қызығушылықтың жылдан жылға артып келе жатқанын байқатады.

Облыс шаруалары биыл 8 мың 700 гектар алқапқа еуропалық және жергілікті қызылша тұқымын еккен. Олардың алды әр гектардан шамамен 600-700 центнерден өнім ала бастады. Оның әр келісін 40 теңгеден өткізеді. Соның 15 теңгесін зауыттар төлесе, қалған бөлігін Үкімет өтейді. Енді Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша алдағы жылы Жетісу облысындағы қызылша алқаптарының көлемін 11 мың гектарға жеткізу көзделіп отыр.

Нұрдәулет Кененбаев, ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:

- Облысымызда 2 зауытымыз бар. Былтырғы жылы «Ақсу» қант зауыты жұмысын жасамаса, биыл «Ақсу» қант зауытына 120 мың тоннаны жеткізу жоспарымыз бар. Қалған 250 мың тоннаны «Көксу» зауытына береміз. 7 мың гектарға тұқым алынды және шаруашылықтарға таратылды. Бұл күзгі өнім есебінен. Оның сыртында көктемгі дала жұмыстарын уақытылы жүргізу үшін тағы да гектарына 100 мың теңгеден әр шаруашылықтарға бердік.