ТМД елдерінде ұйымдасқан қылмыстық топтар көбейген
Жыл басынан бері ұйымдасқан қылмыстық топ құрып, оған жетекшілік ету бойынша 37 қылмыстық іс қозғалып, 188 адам ұсталған.
Бұл туралы Түркістанда өткен ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің ішкі істер министрлері кеңесінің отырысында айтылды. Жиынға қатысушылар экономикалық жаһандану мен ақпараттық технологиялардың дамуы және шекаралардың ашықтығы ұйымдасқан қылмыстың өсуіне ықпал етіп отыр дейді. Оған қарсы бірлесе күрескенде ғана тосқауыл қоюға болатынын айтады.
Кездесуде 10 мәселе талқыланды. Ол ұйымдасқан қылмысқа, жаңа психотроптық заттардың және есірткінің заңсыз айналымына, киберқылмысқа, заңсыз көші-қонға қарсы күресті күшейту және мемлекетаралық іздестірудің тиімділігін арттыруға негізделген. Қонақтар бұл бағыттағы қазақстандық қызметтің жұмысына оң баға берді.
Айдос Рысбаев, ҚР Ішкі істер министрлігінің департамент бастығы:
- Маңызды мәселе қазір – интернет алаяқтық. Интернет қылмыстар тек алаяқтық емес, ол – шоттардан ақша ұрлау. Кибербуллинг деп жатырмыз, шетелден келіп бізге дос атакалар дейміз. Жаңа қылмыстар шыққан кезде бірінші бізде болса, біз оларға ақпарат жібереміз. Ондай қылмыстар оларда болса, бізге «әріптестер осындай қылмыстар болып жатыр. Оның осындай әдісі бар. Ашудың осындай жолы бар» деп меморандум бойынша жұмыс істеп жатырмыз.