Елордада Оралхан Бөкейдің 80 жылдығы тойланды
«Шолпандай таң алдында туып – батты». Елордада осындай атаумен көрнекті жазушы, драматург, журналист Оралхан Бөкейдің 80 жылдығы тойланды.
Әрі жазушының мерейтойына арналған кітаптың тұсаукесер рәсімі өтті. Айтулы шараға Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ресми құттықтау хатын жолдады. Оны зиялы қауымға Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Бауыржан Омаров оқып, табыстады. «Оралхан Бөкей – ұлт руханиятының көкжиегін кеңейтуге зор үлес қосқан біртуар тұлға. Қарымды қаламгер әдебиет әлеміне алғаш қадам басқан сәттен бастап шоқтығы биік шығармаларымен оқырман қауымның ықыласына бөленді. Жазушының жауһар мұралары көптеген шет тіліне аударылды, пьесалары елдің іргелі өнер ордаларында қойылып, көрермен көзайымына айналды. «Алтайдың Кербұғысы» атанған ерекше дарын иесінің шығармашылық жолы, азаматтық ұстанымы және қайраткерлік қасиеті – жастарға әрдайым үлгі-өнеге. Оның мол әдеби мұрасы әлі талай ұрпаққа рухани азық бола беретіні сөзсіз», - делінген Президенттің құттықтау хатында.
Ұлттық академиялық кітапханада өткен конференцияға жиылған мәдениет және қоғам қайраткерлері, жазушылар мен зиялы қауым өкілдеріне Оралхан Бөкейдің 80 жылдығына арналған мерейтойлық медалі табысталды.
Серік Жүнісов, Ауылдық аймақтарды тұрақты дамыту қорының басшысы:
- Оралхан Бөкей – ол қазақтың біртуар жазушы, драматургтерінің бірі. Сол себепті қазіргі жастарға оның шығармашылығын таныстырып, маңыздылығын түсіндіру үшін оны мәдени іс-шаралардан бөлек, осындай ғылыми-танымдық конференциялар керек. Өйткені оның туындыларының тиянақты маңызының қандай екенін түсіндіруді зиялы қауым ғана айта алатын шығар.