Әбсаттар қажы Дербісәлі тұрған үйге ескерткіш тақта орнатылды
Алматыда Әбсаттар қажы Дербісәлі тұрған үйге ескерткіш тақта орнатылды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Академик, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бұрынғы төрағасы өмірінің соңғы 20 жылын осы үйде өткізген. Марқұмның ғылымға қосқан үлесі орасан. Ол алғаш рет Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде араб бөлімі мен шығыс тілдер кафедрасын, содан соң шығыстану факультетін ашты. Оның жетекшілігімен елде урду, парсы, түрік, қытай, жапон, корей тілдері мен әдебиеті мамандықтарына баули бастады. Елшілік қызметте істеді. Әбу Насыр Әл-Фараби, Мұхаммед Хайдар Дулати секілді қазақ жерінде дүниеге келген ғалымдарды зерттеп, еңбектерін оқырманға таныстырды.
Мейрамбек Төлепберген, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:
- Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап мына араб елдеріндегі, көне дәуірлердегі бүкіл осы араб тілімен жазылған, оның ішінде Қазақстанға, қазаққа қатысты көптеген архив материалдарды қопарып жарып, біздің рухани қазынамызға үлкен үлес қосқан қайраткер деп санаймыз. Өзім ойлаймын, осы жылдардың ішінде бір ғана Тарази есімді 51 ғұламаның есімі қайта оралыпты. Мұның өзі де аз олжа емес.