БҚО-да ақбөкендердің санын реттеу мәселесі талқыланды
Түз тағысы соңғы жылдары шамадан тыс көбейіп, ауылшаруашылығына айтарлықтай зардабын тигізіп отыр.
Сенаттың аграрлық мәселелер, табиғат пайдалану және ауылдық аймақтарды дамыту комитетінің Оралда өткен көшпелі отырысында айтылғандай, бұл жөнінде осы айдың аяғына дейін нақты шешім қабылданбақ.
Еділ-Жайық арасы киіктің Орал популяциясының ежелгі қонысы. Бірақ қанша көбейді дегеннің өзінде Батыс Қазақстан облысында бөкен басы 500 мыңнан аспапты. Ал қазір ресми мәліметтер бойынша 2 миллионнан асқан. Көбейгені сонша егісті отап, жайылымды таптап, шабындықтың шаңын шығарған. Аудандарда арнайы құрылған комиссиялар биыл киіктен келген шығын 8 миллиардқа жуықтады деп отыр. Тиісті құжаттар жоғарыға жолданыпты. Бүгінгі отырыста шаруалар осы өтемақының қолдарына қашан тиетінін сұрады.
Бауыржан Сабанов, шаруа қожалығының жетекшісі:
- Осы мәселе шешілмей жатыр осы күнге шейін. Қыс келе жатыр. Мал азығын дайындау керек. Осы мәселені оперативті шешуіңізді сұраймыз.
Ербол Тасжүреков, ҚР Ауылшаруашылық вице-министрі:
-Төлеуден ешкім бас тартып жатырған жоқ. Бүгінгі күні тәжірибе жоқ. Негізі яғни бюджет қаржысы болғасын негіздеме керек. Қазір соны жинап айқындаудамыз. Мал шаруашылығы институты айналысып жатыр. Жақын арада қалай бітіріп береді, содан бастап қаражат көлемін бюджетке салып айқындайтын боламыз.
Өтемақы мәселенің түйінін түбегейлі шешпейді. Өйткені киік саны жыл санап еселеп артып келеді. Келер жылы бөкеннен келген шығын одан да көбейері анық. Сондықтан киік басын реттеуді кешіктірмей қолға алу керек. Шаруалар осыны сұрайды. Ол күн де алыс емес екен.
Досбол Бекмағамбетов ҚР Экология және табиғи ресурстар вице-министрі:
-Кеңес Одағы кезінде киіктің ең үлкен көрсеткіші 1 млн 200 мың болған. Бүгінгі күнде бұл көрсеткіш 2 млн 600 мың болып тұр. Және де айтып кеткендей 2003 жылдан бастап киік популяциясын реттеуге тыйым салынған. 2017 жылдан бастап киіктің өсу динамикасы байқалған. Бүгінгі күнде биологиялық негіздемесін жасап, қыркүйек айының аяғына дейін осы мәселе шешіледі.
Дәл қазір облыс әкімдігі киіктің санын реттеуге әзірлік шараларын қолға алыпты. Киікті сойып, етін өңдеуге мүмкіндігі бар кәсіпорындар белгіленген.
Әли Бектаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты, комитет төрағасы:
- Біраз шаруаларға кері әсер еткен шаруаларға компенсация төленуі керек деп ойлаймыз. Оған біз өз ұсынысымызды кіргіземіз. Болашақта киік басын реттейтін нормалар бар, сол нормаларды көтеру керек шығар. Сойылған етін, сүйегін қайта өңдеу мәселесін қарау керек шығар, мемлекет тарапынан қолдау қаржылай мәселесін қарастыру керек шығар. Жалпы ойлар, пікірлер өте көп. Соның бәрін жүйелеп, үкімет тарапынан бір шешім қабылданады деп ойлаймыз.
Сенаттың аграрлық мәселелер комитетінің көшпелі отырысында ауылшаруашылығына қатысты өзге де түйткілді мәселелер талқыланды.
Авторлары: Е.Жылқайдарұлы, Қ. Махмудов, Э. Аюпов