Әлемдік кино жұлдыздары елордаға келді
Шығармашыл жастардың басын қосқан COMIC CON ASTANA – 2023 фестивалі.
Шара аясында әртүрлі бағытта сайыстар ұйымдастырылып жатыр.
Әл-Фараби Серіков, тілші:
- COMIC CON ASTANA фестиваліне «ең үздік костюм» аталымы бойынша кәсіби деңгейде 300 адам қатысуға өтініш берген. Оның ішінен 150 қатысушы іріктеліп алынды. Жалпы жүлде қоры – 10 миллион теңге. Одан бөлек, әуесқой деңгейде 60-қа жуық қатысушы тіркелді. Жүлде қоры – 1 миллион теңге. Әділ қазылар құрамы осы саланың үздік мамандарымен жасақталған.
Ең басты, талап қатысушылар киімді қолдан тігу керек. Костюм кейіпкердің бет-бейнесін толық ашып, сахнадағы әуенмен үйлесім табуы шарт.
Ғалия Сейдалиева, қатысушы:
- Мен 2013 жылдан бастап анимені қарағанмын, 2019 жылдан бастап косплей жасауды бастадым.
Аманат Әсембай, қатысушы:
- Мен бұл косплейге бірінші рет қатысып отырмын. Бұл жақта өте көп қызықтар. Қызықты кейіпкерлер, кино кейіпкерлері өте көп екен. Жастар көбінесе қатысады бұл жерде.
Авторлар аллеясында анимациялық мультфильм бағытында сурет салып жүрген жас суретшілер өз жұмыстарын шетелден келген мамандарға көрсетіп, халықаралық студиялармен серіктестік орнатуына мүмкіндік бар.
Жамиля Хангельдина, ұйымдастырушы:
- Барлығымыз білетіндей, креативті индустрияны дамытуға бізде үлкен шаралар ұйымдастырылып жатыр. Соның бірі – Comic Con фестивалін дамыту. Осы фестивальдің бағдарламасында көп жасөсп өздерінің шығармашылық жұмыстарын да көрсете алады.
Фестиваль 2 күнге созылады. Басты меймандардың қатарында «Галактика сақшылары» фильміне түскен Шон Ганн мен Майкл Рукер бар.
Пьер Спенглер, кинопродюсер:
- Comic Con фестиваліне қатысу мен үшін қызық болды. Бұл жердің атмосферасы Сан Диегоға ұқсайды. Бастысы, фестивальде шығармашылыққа басымдық берілу керек және жаңа идеялар көптеп ұсынылу қажет.
Тарихи тұлға Шоқан Уәлиханов жайында комикс жанрында кітап жарық көрді. Ол жерде ағартушының өмірбаяны, Қашқарияға саяхаты баяндалады. Идея авторы Ғалым Байтоқтың айтуынша, жаңа жанрда кітаптарды көбірек шығарып, жастар арасында қазыналы тарихымызды кеңінен насихаттау керек.
Отандық кино, анимациялық мультфильм индустриясын шетелдік компаниялардың тәжірбиесіне сүйеніп дамыту маңызды. Жиынның негізгі мақсаты да – сол. Осы салада білікті мамандар даярласақ, әлемдік деңгейде туындылар шығаратын күн де алыс емес.
Авторлары: Әл-Фараби Серіков, Мұрат Әріпханов.