Қызылорда облысында 16 денсаулық сақтау нысаны салынып жатыр

Президент Жолдауында ауылдық елді мекендерден 300 денсаулық сақтау нысаны салынып жатырғаны айтылды.

Оның 16-сы Қызылорда облысынан бой көтеруде. Жыл соңына дейін іске қосу жоспарланған. Кейбір шалғай ауылдардағы медициналық бекеттердің ғимараты тозып, тиісті талапқа сай қызмет көрсете алмай отырғаны белгілі.

Қазалы ауданының Абай ауылында екі жүзден астам отбасы бар. Елді мекендегі медициналық пунктке 1 мың 200 тұрғын тіркелген. Бірақ бұл дәрігерлік нысанның аядай ғана ғимараты он жеті жыл бұрын ауыл тұрғындарының асарлатуымен салыныпты. Тиісті талаптарға сай емес.

Нұрлан Жақыпбеков, тілші:

- Қабырғасы қаусаған, едені әбден тозған амбулаторияның төрт бөлмесін мынадай екі ошақпеш арқылы жылытуға мәжбүр. Ал ауызсудың сиқы мынау.

Жұқпалы ауруларды оқшаулайтын, ем-шара жүргізетін, екпе салатын, зертхананың құрал жабдықтарын орналастыратын бөлек бөлмелер жоқ. Оннан астам қызмет түрін құрқылтайдың ұясындай жерде атқарып отырмыз,-дейді медицина мамандары.   

Гүлнар Айғабыл, дәрігерлік амбулаторияның аға медбикесі:

- Бес жасқа дейінге балалар бар, соларды емдейтін кабинет жоқ, лаборатория жетіспейді, оған үш кабинет болы керек. Барлық дәрігеріміз бар, аға мейіркешіміз бар, 4 мейіркешіміз бар, барлығымыз бір кабинетте отырамыз. Бөлме жетіспейді.

Президент Жолдауында айтылған 300 денсаулық сақтау нысанының бірі осы Абай ауылында салынып жатыр. Соңғы талаптарға сай келетін дәрігерлік амбулатория құрылысы мерзімінде аяқталса, тұрғындар ем алу үшін аудан орталығына сабылмай, бұрын болмаған жаңа медициналық қызметтер қолжетімді болады,-дейді мамандар. 

Бақытгүл Әлішова, көпбейінді аудандық аурухананың бас дәрігері:

- Остеохандроз болған кезде, белі ауырған кезде, сосын жылумен емдейтін аппарат, УВЧ аппараттар және массаж кабинеті болады. Бұрын-соңды ондай болмаған. Бұрын халықты күндізгі стационарда үш төсек орынмен халыққа қызмет жасап отырдық. Енді қазір 6 төсек орынға көбейеміз. 

Қазалы ауданы бойынша дәл осындай дәрігерлік амбулатория Кәукей және Бозкөл ауылдарында да салынып жатыр. Жаңа нысандарды жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарланған.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Ақан Әлиев