Елордада 162 косплейші бақ сынасты

Елордада Өрмекші адам, Бэтмен һәм Супермен сынды голливуд батырлары жүр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Comic Con Astana фестивалінде қиялдан туған кейіпкерлерді сомдаған 162 косплейші бақ сынасты. Одан бөлек, шараға Марвел, ДС киноәлемінің жұлдыздары да келген. Олар қазақ жастарымен кездесті. Ұйымдастырушылардың айтуынша, алдағы уақытта отандық авторлар да осы алпауыт компаниялармен бірге жұмыс істеуі мүмкін.

3 күн бойы елордалықтар ертегі әлеміне енгендей болды. Олар бұрын экраннан ғана көрген сүйікті кейіпкерлерімен сөйлесіп, суретке түсті. Әрине, арман ақиқатқа айналып, батырлардың өзі ғайыптан пайда болған жоқ. Есесіне косплейшілер сол кейіпкерлерді айна қатесіз сомдап берді. Сайысқа қатысқан 162 косплейшінің 40%-і кәрі құрлық пен ТМД елдерінен келген.

Бекзат Аманов, тілші:

- Фестивальге қатысушылар өз кейіпкерлеріне тек киім үлгісімен емес, дене-бітімімен, мінезімен де ұқсауы керек. Мысалы, менің артымда Өрмекші адамдар, арғы бетте әдемі Барбилер және тағы басқа маған түсініксіз кейіпкерлер жиналған. Олар өздерінің ерекшеліктерімен, өз кейіпкерлерінің мінезімен келген көрермендерді таңғалдырып жатыр.

Иә, мұнда тек әдемі киім аздық етеді. Сөзіңнен де, болмысыңнан да кейіпкердің иісі шығып тұруы керек. Мирас Жоламанов фестивальге қатысу үшін аниме батырын таңдаған. Арнайы киім, грим, тіпті, шашы үлгісіне дейін өзгертті. Бірақ финалдық кезеңге өте алмады. Енді дене бітімін өзі сомдаған батырға ұқсатып, келесі жолы қайта бағын сынауға бел буып отыр.

Мирас Жоламанов, косплейші:

- Бұл кейіпкер жапониялық анимеден алынған. Ван пис деген, аты – Ронозоро. Ол кейіпкердің ерекшелігі, 3 семсер әдісін қолданады. Күшті және өзіме жарасады. Азиат болғанан кейін. Тыртығы бар. Киімін жинағаныма 1 айдай болып қалды.

Оның үстіне косплей толығымен автордың өз қолынан жасалуы керек. Мұнда қымбат киім сатып алып, жеңісті боламын деген түсінік жоқ. Фестивальдің финалдық кезеңі бүгін өтті. Үздіктер жеңіске жетті. Жүлде қоры – 10 млн теңге.

Айтпақшы, шараға Марвел, ДС сынды компанияның өкілдері де келіп, отандық авторлардың жұмысымен танысты. Бұл – қазақ батырларын әлемге әйгілі етуге берілген мүмкіндік.

Жамиля Хангельдина, Comic Con Astana PR директоры:

- Кез келген қазақстандық суретші, комиксші ДС, Марвел, Дисней сынды халықаралық студияларға жұмысын көрсетуге мүмкіндік бар. Жақын арада мүмкін біз қазақстандық авторларды үлкен экранда көре аламыз. Сондай үміттеміз, әрине, бұл – үлкен нәтиже. Қазіргі таңда біздің қатысушылар косплей конкурсты ғана тамашаламай, неше түрлі шеберлік сағаттарды да өтіп жатыр.

Одан бөлек, танымал блогер, косплейшілер және актерлер келді. Олар жанкүйерлерімен жүзесіп, әңгімелесті. Шараның басты мақсаты – креативті индустрияны дамыту. Ұйымдастырушылар фестиваль өнер мен мәдениеттің дамуына серпіліс әкеледі дейді.

Авторлары: Бекзат Аманов, Диас Қобыланбаев, Мұрат Әріпханов.