Өскемендегі трамвай паркі жаңарады
Трамвайлар тоқтамайды. Елде бұл көлік түрі азайғанмен, мүлдем жоғалып кетпейді.
Өйткені парктер темір тұлпарын жаңалауға кіріссе, жастардың алды трамвай жүргізуді тұрақты кәсіпке айналдыра бастады. Солардың бірі - 25 жастағы өскемендік Валерий Козлов. Ол небәрі бес жылда үздік маман атанып отыр.
Валерий Козловтың күнделікті жұмысы таңғы сағат бестен басталады. Жолға шығар алдында трамвайдың техникалық жағдайын бақылап, қажетті жабдықтарын түгендейді. Жас маман жұмысына жауапты. Себебі ол басқарған қоғамдық көлік кестеден кешікпеуі тиіс.
Валерийдің трамвай тізгіндеп жүргеніне 5 жыл болған. Ол қалалық деподағы ең жас жүргізушісі.
Валерий Козлов, трамвай жүргізушісі:
- Бұл мамандық мені тәртіпті, жауапты болуға үйретті. Жұмысым өзіме ұнайды. Себебі жолда әртүрлі адаммен кездесесің.
Өскемендегі автобустар қала ішінде барлық бағытқа қатынамайды. Сондықтан, әсіресе өндірісте жұмыс істейтіндің көбі діттеген жеріне трамваймен жетіп алады. Бүгінде орта есеппен күніне бес мыңнан астам жолаушы зауыттарға трамваймен барады екен. Бекеш Қондыбаева -ең тәжірбиелі мамандардың бірі. Санкт-Петербургтегі мәдениет институтын бітіріп, еңбек жолын Алматыдағы депода бастаған. Кейін Өскемен қаласына ауысқан.
Бекеш Кондыбаева, трамвай жүргізушісі:
- Жастардың көбі бұл салаға келгісі келмейді. Осы сұрақ мені көптен бері толғандырып жүр. Дегенмен трамвай – ол экологиялық таза көлік қой.
Бүгінде мұндай транспорт Өскемен, Павлодар және Теміртау қаласында ғана бар. Сондықтан трамвай жүргізушілері елімізде көп емес. Ал шығыстағы мамандарға барынша жағдай жасалып жатыр.
Михаил Чайка, трамвай паркінің директоры:
- Келер жылдан бастап паркімізді жаңалаймыз. Жоспар бойынша алдағы үш жылда техникамыздың барлығын ауыстыратын боламыз. Қазір кәсіпорындағы орташа жалақы- 171 мың теңге. Ал жүргізушілер жұмыс істеген сағатына байланысты 350-360 мың теңге көлемінде айлық алады.
Өскемен көшелерімен травмвайлардың жүре бастағына 60 жылдан асты. Мамандар: көліктер жаңарса, жастардың да бұл салаға қызығушылығы артады деген сенімде.
Авторлары: Самат Қайырденұлы, Вячеслав Ветлугин, Дмитрий Пыхтин