Елордада «Еңбек Жолы» байқауының жеңімпаздарын марапаттады
Елордада «Еңбек Жолы» байқауының өңірлік кезеңінің жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті.
Мақсат - жастар арасында жұмысшы мамандықтарды танымал ету және еңбекке ынталандыру!
«Еңбек жолы» байқауының өңірлік кезеңіне қатысуға 80 нен астам өтініш түскен. Қатысушылар үш номинация бойынша бақ сынады. Соның ішінде, «Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері» номинациясы бойынша №38 мектеп-лицейдің мұғалімі Гүлзия Иманбаева жеңімпаз атанды.Тәжірибелі ұстаздың өзі мұндай байқаулар мамандардың еңбекке құлшынысын арттырып, шабыт беретінін айтады.
Гүлзия Иманбаева, "Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері" номинациясының жеңімпазы:
- Мұғалім болып мектепте істеймін, жас мамандар келеді емес па соларға тәлімгер болып, яғни жұмыстың барысын қалай жүргізілу керек, қалай мұғалім болу керек. Бұл яғни, әрбір істеп отырған мамандықтың еңбегінің бағаланғаны деп түсінемін.
Осы өңірлік байқауда «Өндірістің үздік жас маманы» номинациясын – инженер Айнұр Байбатырова, «Үздік еңбек әулеті» номинациясын көлік саласында ұзақ жылдардан бері жұмыс істеп келе жатқан Амангельдиновтар әулеті иеленді.
Мақсат Дүйсенов, Астана қаласы қалалық орта сапасы және бақылау басқармасының бөлім басшысы:
- Еңбек жолы конкурсы жалпы 2016 жылдан бастап өтіп келе жатыр. Еңбек адамын бағалау, еңбекке баулу, еңбектің арқасында осы жақсы жетістіктерге жетуге болатынын көрсету.
Жиында жеңімпаздармен қатар еңбек ардагерлері, өндіріс озаттары марапатталды. Енді өңірлік кезеңнен үздік шыққандар республикалық байқауға қатысады.
Әл-Фараби Серіков, тілші:
- Еңбек — ырыстың бұлағы, Әрекет болмай — берекет жоқ дейтін халықпыз. Әр салада адал қызмет етіп жүрген мамандардың еңбегі еленіп жатқаны нұр үстіне нұр. Барлығымызға ортақ міндет – елдің дамуына үлес қосу, осы мақсатта жұмыла жұмыс істеу.
Авторлары: Әл-Фараби Серіков, Жандос Битабаров, Марат Диханбаев